Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Баланы да сыйлай білу керек

Баланы да сыйлай білу керек

0 64

«Көп көзінше, я да үй ішінде бір-бірімен ұрсысып, кем-кетіктерін балаларының көзінше сынап-мінеп отыратын ата-анаға баланың да сый-құрметі азаяры сөзсіз. Бұндай әке мен шеше өз баласына сөз тыңдата алмайды» (З. Зиглар).

Дана халқымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деуі тегін емес. Бала өз жанұясында көргенін бөтен жерде де істемей қоймайды. Айталық, баланың ылғи да маңайындағылармен басы
піспеуі, ұрсысуы, төбелесіп сөз тыңдамауы, сыйлау дегеннен жұрдай болуы оның жанұясынан сондай кикілжіңдерді көріп өскендігін байқатады. Өзін сыйлап үйренбеген бала өзгені де сыйлап
жарытпайды. Өзін ешкімнің сыйламағандығын көрген бала әртүрлі бұзақы топтарға барып қосылуы мүмкін. Сөйтіп, өзінің сөзі өтетін, өзін сыйлайтын орта іздейді.

Өзін сыйлап, сөзін құрметтеген ортаның оны жаман жолға бұрып жібермесіне кім кепіл? Сондықтан, балаға қажетті сый-құрметті біз көрсетер болсақ, онда ол оны басқалардан іздеп әуре болмайды. Осыдан кейін барып өкінішті қателіктерге де ұрынбайды.

Сонымен қатар, үлкенді сыйлауды да балаға ата-анасы үйретуі керек. Әке-шеше өзінің дос-жарандарымен, көрші-қолаңдарымен қалай араласар болса, оны көріп өскен бала да дәл солай өз
достарымен араласатын болады. Осы тақырыпта мынадай бір қызықты әңгіме бар. Қартайған әкелерін балалары жабылып үйден шығарып тастамақ болыпты. Біраз уақыт үндемеген әкесі бір уақытта жұлып алғандай:

– Әй, оңбағандар! – депті айғайға басып, – Жетер енді, мені табалдырыққа дейін сақалымнан сүйреп әкелгендерің. Мен де өз әкемді дәл осы табалдырыққа жеткенде босатқан болатынмын. Ары қарай мені де бір адым аттатуға хақыларың жоқ! – деген екен.

Иә, көзі тірісінде ата-анамызға қаншалықты сый-құрмет көрсете алсақ, балаларымыз да бізге соншалықты сый-құрмет көрсетпек.

Балаңыз кісі сыйлай білсін десеңіз:

– Қарапайымдылықтың туа бітпейтінін, уақыт өте келе жұғатындығын ескеріңіз. Бұларды ылғи да қайталап отырған жөн.

– Таңертең балаңызға «Қайырлы таң!» деп айта жүруді ұмытпаңыз. Сізге көмектессе, «Рақмет» айтыңыз.

– Үй ішінде ата-ана ретінде бір-біріңізді сыйлаңыздар. Балаңыздың көзінше бір-біріңізбен айғайласып ұрсыспаңыздар. Сіздердің бірбіріңізді сыйламауларыңыз оны көрген балаларыңыздың да сіздерді сыйламауына әкеледі.

– Балаңызға бір нәрсе үйретерде шын ықыластылық танытып, өте бір кішіпейілдікпен үйретіңіз. Егер күштейтін болсаңыз, балаңыз да зорлықшыл болып өседі. Қаншалық түсіністікпен жүрегіне жол тапсаңыз, соншалықты оңды нәтижелерге қол жеткізесіз.

материал «Балам жақсы болсын десеңіз» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.