Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

МҰСЫЛМАНША ЖАҢА ЖЫЛ САНАУЫ БАСТАЛДЫ

0 1  856

Бүгін мұсылмандар үшін жаңа жыл басталды. 1439-шы жылға аяқ бастық. Һижри жыл санауы бойынша Зул-хижжа жылдың соңғы айы болса, Мухаррам айы ең алғашқысы, яғни жылдың басы болып есептеледі. 

Милади жыл санауы сияқты мұсылман күнтізбесі (Һижра) бойынша әрбір жыл 12 айдан тұрады. Аспандағы ай он екі рет жаңадан көрінгенде, бір жыл толған болып есептеледі. Әр айдың өз атауы бар. Олар: Мухаррам, Сафар, Рабиғул-әууәл, Рабиғус-сәни, Жумәдәл-улә, Жумәдәл-ахира, Ражәб, Шағбан, Рамазан, Шәууәл, Зул-қағда, Зул-хижжа. Соның ішінде Мухаррам бірінші ай болып есептеледі. Жаратушы Раббымыз “Тәубә” сүресінің 36-аятында: “Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі ай. Бұлардан төртеуі қасиетті айлар. Міне осы – берік дін. Ендеше, бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер! …Алланың тақуалармен бірге екенін біліңдер!”-деген.

Әйгілі тәпсірші ғалым әл-Қуртуби харам айлары жайлы айтылған осы аятты: “Алла Тағала харам айларын ерекше құлшылықпен өткізуді және ол айларда зұлымдыққа жол бермеуді бұйырған” – деп тәпсірлейді.

Ал Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болса, бұл жөнінде: «Заман – Алла аспандар мен жерді жаратқан күндегідей қалпына қайта айналып келді. Бір жылда он екі ай бар. Оның төртеуі қасиетті. Үшеуі бірінен соң бірі келеді: Зул-қағда, Зул-хижжа және Мухаррам, ал төртіншісі—Жумадә мен Шағбан арасында келетін Ражәб айы»,—деген.

Әбу Зәррдан (р.ғ.) жеткен хадисте ол былай деген: “Мен: “Уа, Алланың елшісі, түннің қай мезгілі хайырлы және айлардың қайсысы абзал?” – деп сұрадым. Ол: “Түннің ортасы хайырлы, ал айлардың сендер Мұхаррам деп атап жүрген Алланың айы абзал” – деп жауап берді” (Тәзкиратул-Хуффаз).          

Белгілі ғұлама  Хасан Басри және өзге ғалымдар: “Харам айларының ішіндегі ең абзалы – Алланың айы-Мұхаррам ” – деген пікір айтқан. Кейінгі ғалымдар да осы ұстанымды дұрыс деп тапқан. Мәселен, Ибн Жәрир: “Алла Тағаланың әрбір һижра жылын харам айымен бастап, соңын харам айымен аяқтауында  үлкен мән жатыр. Айлардың ішінде Алла үшін Рамазаннан кейінгі ең қадірлісі – Мұхаррам айы” – деген.         

Муслимнің “Сахих” жинағында Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте:”Оразаның Рамазаннан кейінгі абзалы – Алланың айы -Мұхаррам, ал намаздың парыздардан кейінгі абзалы – түнгі намаз” – деп айтылған.

muslim.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.