Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алланың аршының астына саялайтын адамның бірі

0 1  642

Адам өмірінде оттай лаулап, жарқырап, жайнаған жастық шақтың алар орны ерекше. «Жастық шақта өмір гүл» демекші, бұл уақыттағы көңіл қылаудай, жүрек ақ қағаздай таза болады. Жүрекке ең алғаш достық, махаббат, сағыныш, аяныш, жиіркеніш, құмарлық, әуестік секілді сезімдер ұя салатын кезең де осы. Жастық шақ адам өміріндегі шешуші кезең екендігімен ерекшеленеді.

Құран Кәрімде бірқатар жастардың өнегелі істері туралы да айтылғаны белгілі. Солардың қатарында имандылығынан танбай үңгірге барып жасырынған асхабы Кәхф, Мұса мен Қызыр жолдастығы, Жүсіп пайғамбардың (а.с.) оқиғасын атауға болады. Хазірет Шұғайыптың (а.с.) қыздары мен хазірет Мәриям да ұяттылық пен пәктікті рәміздеуде. Құранда қиссалардың ең әдемісі ретінде аталған Жүсіп пайғамбар (а.с.) қиссасында да ұяттылықты берік ұстану тұрғысынан ғибратты оқиға бар. Жүсіп пайғамбар (а.с.) Мысырда уәзірдің үйінде жүргенде ессіз ғашықтықпен Зылиха онымен оңаша болғысы келеді. Жас Жүсіп (а.с.) болса «Мааз Алла» (Алладан қорқамын) деп бөлмеден тұра қашады. Тіпті қапасқа қамамақ болғанда да зинаға барғаннан гөрі қапаста жатқанды әлдеқайда артық көреді. («Жүсіп» сүресі, 33)

قَالَ رَبِّ السِّجْنُ أَحَبُّ إِلَيَّ مِمَّا يَدْعُونَنِي إِلَيْهِ وَإِلاَّ تَصْرِفْ عَنِّي كَيْدَهُنَّ أَصْبُ إِلَيْهِنَّ وَأَكُن مِّنَ الْجَاهِلِينَ

Жүсіп пайғамбар (а.с.) туралы тағы бір ғибратты әңгімеде былай делінген.

Жүсіп пайғамбар (а.с.) қапасқа түссе де тағдырынан терең мойынсұнып, сабырлық танытты. Құлшылықтарын еселеп, көп дұға оқып, жалбарынумен болды. Өзінің көркем мінезділігінен таймай, жанындағыларға мейірімділік танытты, ізгі насихат айтты. Көп өтпей қапас ластықтан тазарып, түрмедегілермен достасып кетті. Араларындағы бауырластықтың шынайылығы сондай, бірінің мерзімі бітіп еркіндікке шықса, Жүсіп пайғамбарды (а.с.) қимай, қайта оралу үшін қылмыс істейтін еді.Тіпті, қапастың басшысының өзі оны жақсы көріп: «Әй, Жүсіп! Мен осы уақытқа дейін дәл сендей ешкімді жақын тартып, жақсы көрмеппін», – деп ілтипат білдіргенде, ол: «Алла мені сенің жақсы көруіңнен сақтасын», – деп жауап қайтарды. Ол: «Неге?» деп таңғала сұрағанда, Жүсіп: «Әкем мені басқа ұлдарынан артық жақсы көріп еді, бауырларым қызғанышпен маған қастандық жасады. Кейін мені уәзірдің ханымы жақсы көріп еді, өзің көрген мына қапасқа түсірді. Енді сен жақсы көрсең, тағы не боларын кім білсін?!» – деп түсіндірген екен.

“Жиырма деген жасыңыз

Ағып жатқан бұлақтай,

Отыз деген жасыңыз

Жарға ойнаған лақтай” деген Бұқар жырау жырынан қазақ философиясында өмір кезеңдеріне әрқашан кең толғаммен қарағанын көреміз.

Жаратушы ие пендесіне бұл өмірді сынақ ретінде бергені мәлім. Сол сынаққа төтеп беру әсіресе жастық шақта оңайға соқпасы белгілі. Өз дәуірінің мужаддиді саналған имам Раббани хазірет жастық шақта құмарлықты тежеу ауыр соғып, жас адамды бұзатын әрекеттердің көбейетіндігіне назар аудартады. Дегенмен бойда қан тасып тұрған сол жастық шақты жасалған аздаған амалға үлкен сауап берілетіндігін алға тартады. Бабаларымыздың «Жаста қылған тәубеңіз тас жазудай бекиді» дегені осы болса керек.

Жастық шақ – көп табысқа жету уақыты. Сол шақтарда уақыттың қадірін білгендер қол созған армандарына жете алады. Бүгінде әлемге әйгілі ірі компаниялардың негізін жас кәсіпкерлер қалаған. «Фейсбукті» Марк Цукерберг 19 жасында, «Майкрософты» Билл Гейтс 20 жасында, «Apple» компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрған. Хадисте «Адам екі нәрсенің қадірін білмейді: бос уақыт пен денсаулық» делінсе, Мұқағали ақын бір өлеңінде:

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?!

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды бұл өмірді

Өтпейтіндей көретін адамдарға, – деп жырлаған. Сондықтан да Елбасымыз «Тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматтар ол жастар. Жастар сол жауапкершілікті сезініп, туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өсуіне қызмет етуге парыздар» екенін жеткізіп, жастарды еңбекқорлыққа шақырған.

Ғалымдар сабырдың үш түрін атайды: құлшылық өтеуге, күнә жасамауға әрі тағдырдың қиындықтарына сабыр ету. Сондықтан жас адам Жүсіп пайғамбар тәрізді күнә жасамауға өте бір сабыр етіп, көп уақыттарын ілімге арнап, ғибадатын арттыра түсуі қажет.

Жастар өмірге келудегі мақсатты дұрыс түсіне білуі керек. Құранда «Мен жындар мен адамзатты өзіме құлшылық жасау үшін жараттым» делінген (Зарият сүресі, 56). Ендеше, адам баласының осы өмірге келудегі негізгі мақсаты Жаратушы иені танып, мейлінше құлшылығымен жағу. Өйткені ажал жас талғамайды. Өмірден тек жасы келген кәрілер ғана өтпейтіні көз көріп жүрген жайт. Қыршынынан қиылып жас қалпында өмірден өтіп кетіп жатқан жастар қаншама?! Омар Хайямның тілімен айтсақ:

Жас та өтер, бірте-бірте кәрі де өтер,

Баянсыз бұл жалғанның бәрі бекер.

Жаһанда мәңгі жасар жан жоқ, сірә,

Кетеміз, кетті, келер, тағы кетер…

Ғалымдар жас ұрпақтың тәрбиесіне мән берген ұлт өркен жайса, ал оларды жастыққа тән желіктігінің жетегіне жіберіп, бетімен қоя бергендер немқұрайдылықтың жазасын тартатындығын айтады. Егер бүгінгі таңда жас ұрпақ күн өткен сайын қанын ішіне тартып, қатігез болып бара жатса, ол – ересектердің немқұрайдылығының әрі бұл мәселеге салғырт қарауының нәтижесі. Осы себепті жастарға тек білім беріп қана қоймай, оларды ұлтжанды етіп әрі иманды етіп тәрбиелеудің орны биік. Имандылық тәрбие тұрғысынан жастарға мына ақиқаттарды кең түсіндірудің берері зор. Хадисте ескертілген мына жайттар аса маңызды:

«Бес нәрсе келмей тұрып бес нәрсенің қадірін біл!

1) Қарттық келмей тұрып жастық шақтың,

2) Ауру келмей тұрып денсаулықтың,

3) Уақыт тапшылығы келмей тұрып бос уақыттың,

4) Кедейлік келмей тұрып байлықтың,

5) Өлім келмей тұрып өмірдің қадірін біл!» (Әбу Нуайм, Хаким)

«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтпақшы, жастар бос уақытын тиімді өткізе білуі тиіс. Бүгінгі уақытта ел ішінде жастарға жасалып жатқан жағдайлардан пайдаланғандары мақұл. Айталық, спорт үйірмелері, фитнес клубтар, тіл курстары т.б. Жастардың сапалы білім алуына, жұмысқа тұруына айтарлықтай жағдайлар жасалуда. Жұмыссыз жүрген жастарды басқа мамандықтарға қайта даярлау орталықтары да жұмыс істеп тұр. Оқимын деген жастарға мемлекеттік білім гранттары көп бөлінуде. Қазіргі таңда елімізде әрбір үшінші студент мемлекеттік білім гранттары бойынша білім алады. Президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде білімін жетілдіре алады. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан дарынды жастардың университеттерде грант бойынша білім алуына мүмкіндіктер қарастырылған. Елбасы Н. Әбішұлының бастамасымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп аталды. Қазақстанда жастар жалпы халықтың 30 пайызын құрайды. Жастар 14-29 жас аралығын қамтиды. Елімізде «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» және тағы басқа ірі жобалар іске асырылуда.

Мемлекеттің деңгейде жастарға ерекше көңіл бөлінетін осы күндерді болжады ма екен ақын Қасым Аманжолов бір өлеңінде:

Сен қандай бақытты едің, келер ұрпақ,

Қараймын келбетіңе мен таңырқап.

Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,

Көрпеңді мен жатырмын қырда қымтап, – дейді.

Жастық шақтың қадірін білу турасында Абай атамыздың мына өлең жолдары ғибрат аларлық.

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Жастарды жаман әдеттерден қорғап, оларды тақуалыққа баули білуіміз керек. Хадисте «Жастардың ең қайырлысы – үлкендерге еліктегені. Кәрілердің ең нашары – жастарға еліктегені» (Хайсами, Мәжмауз зауаид, X/270) делінгені бекер емес. Бүгінде мешіттерімізге келетін жамағаттың басым негізін жастар құрап отырғаны көңілімізге қуаныш ұялатады. Біраз жастар нашар әдеттерден бойын аулақ салып, уағыздарды көбірек тыңдап, өздерін діндарлыққа баулып жүргені құптарлық.

Бұхари, Мүслим, Тирмизи, Нәсаи сияқты әйгілі хадис жинақтарында келген мәшһүр хадистің бірінде Алла Елшісі (с.а.с.) Алла Тағала қияметте ешқандай көлеңке болмаған күні Арштың астында көлеңкелейтін жеті топ адамның қатарына «Раббына ғибадат жасап өскен жас»  деп ғибадатшыл жасатарды сүйіншілеген.

Ертеректе бір шал еңкеңдеп, бірде тоқтап, бірде жүріп келе жатса, алдынан бір есерсоқ жас жігіт шығып: – Ата, мына садақты қайдан сатып алдыңыз? Айтыңызшы, мен де сатып алайын, – депті шалды мазақтап. Сонда шал біраз ойланып барып: – Бұл садақ біраз жылдардан кейін саған да, сенің әкеңе де тегін беріледі, – деп жүріп кетіпті. Иә, жастық шақ та мәңгі тұрмайды. Қырмызыдай құлпырған қайран жастық қар түспей, қазан ұрмай ол да солып,  орнын кәрілік басады. Ал кәріліктің қандай қиындарға тола екені айтпаса да түсінікті.

Иә, жастар арасында кездесіп отырған бірқатар келеңсіздіктер реттеуді қажет етеді. Ішімдік, есірткі, анаша, ажырасу, радикалды ұйымдарға қосылу, жаман жүрістер т.б. «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» деп Абай атамыз айтпақшы, қоғамның, әсіресе жастардың түзелуіне бәріміз жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыя білу әр мұсылман үшін үлкен жауапты міндет. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Араларыңнан кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл – иманның ең әлсізі» дейді (Мүслим, Иман, 78). Қоғамда орын алған келеңсіз жайттарды заң шеңберінде тоқтатады. Бұл – қолмен түзету. Ал заң тұрғысынан тыйым салынбаған жағдайларда үгіт-насихат арқылы халықты жамандықтардан арылту үшін атсалысу керек.

Хадисте «Адам баласының барлығы қателеседі, қателескендердің ең жақсысы тәубаға келгендері» делінген. Десе де адам баласы ең қателікті албырт жастық шақта жасап қойып жатады. Кейде ол қателік өмір бойы опық жегізеді. Ойнап жүріп от басып, кейіннен талай опық жемеу үшін Мұқағали ағамыз мына өлеңінде жастарға сүрініп кетіп, тағдырыңды бүлдіріп алма деп ой салады.

Сүрініп кетпе!

Сүрініп кетсең, болғаны,

Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады.

Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы –

Аңдамай басып,сүрініп кетсе болғаны.

Иә, ғалымдар әр елдің болашағын жастарына қарап болжауға болатынын айтады. Ендеше, өскелең жастарға әрбіріміз үлгі болып, олардың білімді әрі тәрбиелі, иманды болып өсуіне жағдай жасай білуіміз керек.

Бауыржан Есмахан

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы, дінтану магистрі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.