Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құранның құпия сырлары

0 513

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Құранның анықтамасы

Құран-Алла Тағаладан адам баласына түсірілген соңғы қасиетті кітап. Құран соңғы Елші Мухаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) Жәбрейіл періште арқылы уахи жолымен түсіріліп осы күнге дейін өзгеріске ұшырамай жеткен. Құран адам баласын тұралыққа бастап, жамандықтан тыятын соңғы мұғжиза. Бұл туралы қасиетті Құранның өзінде Алла Тағала:

وَهَٰذَا كِتَابٌ أَنزَلْنَاهُ مُبَارَكٌ فَاتَّبِعُوهُ وَاتَّقُوا لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ

 «Осы (Құран) біз түсірген мубарак кітап. Енді соған еріндер әрі сақсыныңдар. Мейірілімдікке бөленесіндер» деді[1].

Құранда кумән жоқ

Алла Тағала Құранда:

ذَٰلِكَ الْكِتَابُ لَا رَيْبَ ۛ فِيهِ ۛ هُدًى لِّلْمُتَّقِينَ

 «Міне осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші» десе[2], екінші бір аятында:

قُل لَّئِنِ اجْتَمَعَتِ الْإِنسُ وَالْجِنُّ عَلَىٰ أَن يَأْتُوا بِمِثْلِ هَٰذَا الْقُرْآنِ لَا يَأْتُونَ بِمِثْلِهِ وَلَوْ كَانَ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ ظَهِيرًا

«Оларға былай деп айт: Ант етейін, егер адамдар мен жындар мына Құранның ұқсасын жасау үшін жиналып, тіпті бір-бірін қолдап, күштерін жинаса да оған ұқсас бір кітап жаза алмайды[3]» деп Құранның Алланың сөзі екендігін біздерге баяндаған.

Абай атамыз «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас»деп[4] Қазақ даласына Алланың жалғыз екендігін Құранның хақ екендігін өсиет қылып қалдырған.

Құранның абзалдығы

Пайғамбарымыздың хадистерінде «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны өзгелерге үйреткендерің» деп[5] біздерге өсиет қалдырған. Екінші бір хадисінде «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады» деп[6]  Құранды бір Алланың разылығын іздеп оқуған адамның пәк періштелермен бірге болатының біздерге сүйіншелеген.

Құран оқудың сауабы

Пайғамбарымыздың хадистерінде «Құран оқыңдар! Ол қиямет  күні иесіне шапағат етеді» деп[7] басқа пайғамбарларға берілмеген шапағатты Құран иеленетінін білдірген.

Сахаба Ибн Масғуд (р.а.): «Құран жаттаған адам ел ұйықтап жатқандағы түннің қадірін білсін, Адамдардың аузы ашық кездегі күндіздің қадірін оразамен өткізсін, адамдар қуанышпен жүргенде қайғыны да естен шығармасын, көп күлкінің артынан жылаудың да келетінін білсін, тәкаппарлықты кішіпейілділікпен бассын»; «Құран жаттаған адам қуаныштың артынан қайғының, қаттылықтың артынан жұмсақтықтың, мазасыздықтың артынан тыныштықтың, қатыгездіктің артынан мейірімділіктің барын білсін», – деген.

Екінші риуаятында «Кімде-кім Құранды күндіз хатым етіп оқыса, сол күні періштелер кешке дейін оған салауат айтып тұрады. Ал енді кім Құранды түнде хатым етіп оқып шықса, таң атқанша періштелер оған Алладан жарылқау тілеп шығады», -деген.

Құран дертке шипа

Алла тағала қасиетті Құранда: «Ауырсам, Ол (Алла) маған шипа береді» деп[8] жазылуы шипаны тек Ұлы Жаратушыдан сұрау керектігін айтқан. Екінші аятта: «Мүміндерге рақымы, шипасы бар Құранды түсіреміз» делінген[9]. Бұл жерде Құранның шипалық қасиеті айтылып тұрғандығын байқаймыз.

Шипалық аяттар туралы Алла Елшісі пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Дауаның ең қайырлысы – Құран» деп[10] Құранның  дерттерге шипа болатының анық айтып кеткен.

Нұриддин Абдуссамдұлы

«Сәдуақас қажы Ғылмнаи» мешітінің ұстазы

[1] «Анғам» сүресі, 155-аят.

[2] «Бақара» сүресі, 2-аят.

[3] «Исра» сүресі, 88-аят.

[4] Абай Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. –Алматы: Жазушы. –Т.2: Өлеңдер мен аудармалар. –2016. -336 бет. 56-бет

[5] Бухари.

[6] Бухари

[7] Муслим.

[8] «Шуғара» сүресі, 80-аят.

[9] «Исра» сүресі, 82-аят.

[10] Ибн Мажа

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.