Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ас ішу әдебі

0 474

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Кең дала төсінде нық бекіген, бірақ әсте жазылып-сызылмаған әдеп қағидасы әр шаңырақтан бастап ұйысқан ру-тайпа көлемінде сақталған.

«Ас – адамның арқауы» демекші, адам ағзасы үшін тамақтың қуат көзі ретінде рөлі зор  болса, оны әдеп қағидаларына сай ішу де соншалықты маңызды. Дастархан басында отыру және ас-ауқат ішу әдебі ес білгелі естіп өскен нанды баспа секілді ырым-тиымдардан басталатыны ақиқат. Тамақты шашып-төкпеу, үстелге нанды бірінші әкелу, үлкеннен бұрын тамаққа отырмау, оң қолымен жеу, ас қайыру, артық ысырап жасамау секілді отбасындағы, ас ішудегі әдеп ережесі түп бастауын Ислам дінінен алады.

Әбу Һурайра (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) алдына келген бірде-бір дәмнен кемшілік іздемейтін. Егер алдындағы асты ұнатып, тәбеті тартпаса, дәм тататын. Ал ұнатпаса, ішпей-ақ қоя салатын», – деген (Бұхари, атғимә 21; Мүслим, әшрибә 187).

Пайғамбарымыздың дәл осы ісі көпке үлгі-ақ. Бүкіл дастархан әдебін бір хадиске тоғыстыра білген. Асқан ыждаһаттылықпен, еңбекпен дайындалған асқа да, дайындаған адамға да құрметпен қарау – оң іс, алайда оның артында үлкен тәрбие жатқанын естен шығарып, ұнатпай тұрсақ, ысыра салып, берілген несібе екенін ұмытып жатамыз. Зер салып қарасақ, әр сөз – ғибрат.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өгей ұлы Омар ибн Әбу Сәләмадан (р.а.) жеткен хадисте:

«Бала күнімде Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қамқорлығында болдым. Тамақтанғанда қолымды табақтың әр жеріне созатын жаман әдетім бар еді. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) маған: «Балақай! Алдымен «Бисмилләһ» деп Алла тағаланың атын ата, содан кейін оң қолыңмен және өз алдыңдағы астан жегін», – деп ескертті», – деген (Бұхари, атғимә 21; Мүслим, әшрибә 108).

Алла тағаланың атын атау – шүкіршілік етуден туса, асты оң қолмен жеу – ақ адал астың берекелі болуын тілеуден шыққан. Әр мұсылманға Алла Елшісі Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмір сүру салты өнеге болуы тиіс.

Әбу Қатададан (р.а.) риуаят бойынша Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген:

«Сендерден кім су ішетін болса, ыдысқа тыныс алмасын».  Көпшілік алдында суды бұлай ішу – ұнамсыз қылық. Ауыз бен мұрын қуысынан жағымсыз нәрселер бөлінуі мүмкін. Жеке болған кезде де дәл осы әдептен аспау – өз-өзіңізге деген сыйластық. Ислам дінінің бәрінен бұрын әдепке, өзін-өзін тәрбиелеуге ұмтылдыратынына осындай тұшымды дәлелдер негізінде көз жеткізе аламыз.

Қазақ қашанда алыс жолдан арыған жолаушысын, құдайы қонағын қабақ түйіп қарсы алмаған, төрден орын ұсынып, сандығындағы сүрінен дәм татырған. Ислам дінінде де танып, танымағанды қонақ ету әдебі  үлкен сауапты іс саналады.

Дулат Қадырұлы

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің азаншысы

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.