Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ешбір пайда бермейтін істер

0 379

«Оның малы да, жасаған істері де ешбір пайда бермеді» («Мәсәд» сүресі, 2-аят).

Аяттағы «жасаған істері» кейбір ғалымдардың көзқарасы бойынша – Әбу Ләһәбтың балалары. Енді бір тұжырым ол – оның өз ойынша жасаған ізгілік амалдары. «Жасаған әр істерінің алдына шығып, оны айналаға шашылған шаң тәрізді еттік»  («Фұрқан» сүресі, 23) аяты осы мағынада. Басқа деректе де Әбу Ләһәбтың:

«Егер бауырымның айтқаны расқа айналса малым мен балаларымды құрбан етіп, одан құтыламын» – дегені де бар. Әбу Ләһәб айықпас дертке шалдыққанда малы да  балалары  да  ешбір  пайда  бермей,  өлер  алдында жалғыз тастайды. Өлген кезде де оның жанына ауруы жұғады деп балалары да жоламайды. Кейіннен сасып, иісі айналаға жайылып бара жатқан соң халық шулап, балалары  біреуді  жалдап  жүріп  әрең  денесін  үйден шығартып, бір шұқырға апарып көме салады. Құранның Әбу Ләһәб жайлы айтқаны бірнеше жылдың ішінде айнымай келген еді. Иә, қашан да Исламға қарсы шығып, дұшпандық жасаған кәпірлер, жазасын бұл өмірде-ақ көре бастайды. Қағбаны жығуға келген Әбу Ләһәбқа ұқсас Әбрәһа да айдалада өліп, денесі шіріген-ді.

Арада  қаншама  ғасырлар  өтіп,  кешегі  Кеңестік дәуір келгенде де өз ұлтымыздың арасынан небір атеист Әбу Ләһәбтар шыққан. Солардың бірі Қызылқұм аймағында  болған.  Кеңес  үкіметі  алғаш  қазақ  ауылдарына  тарап,  атеистік  идеология  қатты  жүргізіледі.

Сол ауылдардың бірінде бір атеист белсендісі шығып, әсіресе  жастардың  құлшылықтарын  аңдиды.  Ұстап алса соққыға жығып, сібірге айдатады. Сондықтан иманын жасырған жастар құпия құлшылық жасайды.

Бір күні  Рамазан  айы  да  келеді.  Әлгі  жастар  ауыздарын жасырын бекітеді. Бірақ, әлгі қазақтың Әбу Ләһәбі бір қулық ойлап табады. Күдіктенген жастың жанына барып, «ауыз бекіттің бе?» деп сұрайды. «Жоқ» деп жауап қатса, қалтасынан нан шығарып, «Ендеше мынаны жеп көр» деп қолына нанды ұстатады. Ол уақытта бір үзім нанның да сондай тапшылау кезі еді. Әлгі жас бала амалсыз  жеп,  оразасын  бұзуға  мәжбүр  болған  екен.

Осылайша олардың жүрген іздерін аңдып, талайын қан қақсатқан «Әбу Ләһәб» бір күні адам айтқысыз дертке ұшырап, көп ұзамай ит өліммен өліп кетеді. Осының әрекетін Әбу Ләһәбтің күйімен салыстырып қарасаңыз, бір-біріне  қатты  ұқсайды.  Бір  кездері  Әбу  Ләһәб  та Меккеде дәл осылай әрекет еткен.

«Мәңгі мұғжиза» кітабынан  алынды.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.