Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Еңбекке баулу

0 646

Кез келген қоғамның оның әлеуметтік қарым-қатынастарында көрініс табатын құндылықтар сатысы бар.

Білек күшін қажет етер мал мен дән өсіру болсын, сол қара жұмысты жеңілдетер технологияларды даярлауға керек ой еңбегі болсын, мейлі, жан баулу сынды нәзік дүниелер болсын, еңбекті қажет етеді. Біле білген адамға өмір сүрудің өзі де үлкен еңбек.

Еңбек – адамды қоршаған ортамен байланыстырушы дәнекер буын, сол себептен оның адам болмысы үшін өзінің құндылығын жоғалтуы мүмкін емес. Себебі адам тұлғасын еңбексіз көзге елестету де қиын, тіпті бүгінде еңбек адам инстинктіне айналды десе де болады. «Тірі жан тіршілік етеді» дейді халық даналығында.

Осы бір тұрақты сөз тіркесінен қазақ халқында өмірдің баламасы болып табылатын «тіршілік» сөзінің кей контексте жасалған еңбекті, іс-әрекетті білдіретіндігін де байқаймыз.

Сондай жан-жақты әрекеттер арқасында ғана адамның заңсыз әрекеттер жасауға өз сенімі, өз ұяты жол бермейтін болады, сонда ғана еңбек құдіретті күшке айналады. Ұяттың да өздігінен пайда болмайтындығы аян, ұят – Құдай алдындағы қорқыныштан, о дүниедегі жазадан, туған жер мен ел алдындағы, ал кең ойланар жанға жалпы адамзат алдындағы парыздан, жауапкершіліктен өрбиді. Терең үңілген адамға барлығы – өзара байланысты дүние. Мысалы, Ислам діні бойынша ырыздықты міндетті түрде іздеу керек.

Бұл жөнінде Құранның «Қасас» сүресінің 73-аятында:

«Алла сендерге өз рақымшылығынан түнді тынығу, күндізді кеңшілігін (ризық) іздеулерің үшін жаратты. Әрине, шүкірлік етерсіңдер» дейді.

Адамның еңбегіне қарай алатын несібесі жайлы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз өз хадисінде:

«Кім өз қолымен нанын тапса және айналысқан ісінің табысы адал болса, ол адамға жаннат уәжіп» деген.

Құранда адамның жаратылыс мақсаттары, соның ішінде еңбек етудің міндеттілігі, осы дүниедегі несібесі жайлы дәлелдер көп:

«Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей сен де жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүліншілік ізденбе! Алла бұзақыларды сүймейді»(«Қасас» сүресі, 77-аят) делінген.

Ислам діні өмір шындығынан қашқақтамайтын, о дүниені ойлай тұра, бұл дүниенің тұрмыс-тіршілігін күйттеуден алыстатпайтын нағыз өміршең дін болып табылады. Ислам дінінде еңбек қоғам мүшесінің міндеті ретінде қарастырылады. Аятта: «Адамзат еңбегіне қарай ғана табысқа ие болады. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Содан соң оған еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз, Раббыңа тиянақтайды» («Нәжім» сүресі, 39-42-аяттар).

Ислам діні еңбекке өте зор мән береді, ол таза еңбекпен табылған табысқа үндейді. Еңбек ету – әр адамның міндеті. Ислам діні соның ішінде адал еңбек етуді, таза жолмен табылған табысты, жасаған құлшылығы мен еңбегіне қарай әр адамға тиесілі несібені, ризықты уағыздайды.

Амр ибн әл-Ас (р.а.) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалардың былай деп сұрағанын жеткізеді: «Адамдардың ішіндегі ең жақсысы және ең құрметтісі кім?» деп сұрағанда, ардақты Елшіміз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір жүрегі таза және тілі шыншыл болғандар», – деді. Сахабалар сұрақтарын жалғастырып: «Сосын кім?» – деді. Ардақты Елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім осы өмірде өмір сүрсе, бірақ ақыретті жақсы көрсе», – деді. Сахабалар тағы да сұрақтарын жалғастырып: «Сосын кім?» – деді. Ардақты Елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көркем мінезді мұсылман», – деді.

Мұндағы ақыретті жақсы көру дегеніміз – бұл өмірде амалсыз, кәсіпсіз жүріп, өзгелерге қол жаю дегенді білдірмейді. Ақыретті жақсы көру, соған ұмтылу дегеніміз – ертеңгі өмірде азық болатын амалдарға ұқыпты, берік болғаныңдай осы өмірлік кәсіп, еңбегіңе де берік және жауапты болу.

Алла Тағала Құранда: «Қашан жұма намазы аяқталса, жер бетіне тарқаңдар да, Алланың кеңшілігін іздеңдер» – деген («Жұма» сүресі, 10-аят).

Құрандағы осы аят және осы мағыналас өзге де аяттар Ұлы Алланың өз құлдарына өздерін және өз отбасыларын азықтандыруы үшін белгілі кәсіп, мамандық иесі болуы керектігін бұйырғандығын көрсетеді.

Ал, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне қарасақ, оның үмбетін белгілі кәсіп, мамандық иесі болуға шақырған хадистері өте көп. Сондай адамзатты еңбекке қызықтырған хадистердің бірінде: «Шыншыл саудагер Қиямет күні ізгілермен және шәһидтермен бірге тіріледі». Тағы бір хадисте былай делінген: «Өмірдегі ең жақсы өз үлестерін алушылар – адал кәсіпкерлер мен жұмысшылар».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде егіншілікпен айналысуға да шақырған: «Егер мұсылман адам ағаш отырғызса немесе егін ексе, сол өнімдермен адам, жануар немесе құстар қоректенсе, еккен адам үшін садақа жазылады».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір күні Сағд ибн Муазды (р.а.) кездестіріп қалған кезде, отбасын адал кәсіппен асырау жолында әбден шаршаған алақандарын көрді де: «Мына екі алақанды Алла және Оның Елшісі жақсы көреді және бұл алақандарға от тимейді» – дейді. Еңбекке, кәсіп жасаушыға деген құрметі ретінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сағдтың алақандарын сүйіп алған. Сосын ардақты Елшіміз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүміндерге мына аятты оқыған екен:

«Алланың саған дарытқан бақ дәулетімен ақыреттік тұрақ тіле. Дүниедегі несібеңді де ұмытпа» («Қасас» сүресі, 77-аят).

Лұқман Хаким де өз баласына мынадай өсиетін айтқан екен:

«Әй, балам! Кедейлікке ұрынбас үшін адал кәсіппен айналыс. Расында, кім еңбек етуді тастап кедейлікке ұрынса, үш нәрседен құтыла алмайды: діндегі әлсіздік, ақылдың таяздығы және адамдық құрметтен айырылу. Бұл үшеуінен де ең жаманы – адамдардың оған деген төмен қарым-қатынасы».

Омар ибн Хаттаб (р.а.) еңбек етудің маңыздылығы жайлы бір сөзінде былай деген: «Сендерден ешкім еңбекті, жұмысты тәрк етіп, «Я, Аллам, маған берші» – деп отырмасын. Өйткені аспаннан алтын немесе күміс жаумайтыны ақиқат».

Қарапайым адамдар ғана емес, Алланың аманатын көтерген ардақты пайғамбарлардың да өздерін және өз отбасыларын асыраған кәсіптері мен еңбектері болған. Сол себепті қазақта: «Кәсіп болмай нәсіп болмай-ды» деген сөз қалған болса керек.

Кез келген нәрсенің іске асуы үшін белгілі бір жағдайлар қажет болатыны сияқты, еңбектің де жүзеге асуының шарттары бар. Ол шарттар – тәуекел мен талап. Хәкім Абай:

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Есек көтін жусаң да мал тауып кел,

Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас, – дейді.

Тәуекел мен талап – іскерліктің, бизнестің шарты. Бұл ұғымдар қазақ мәдениетінде Құдай ұғымымен тікелей байланысты. Байлық – Құдайға тәуекел етумен табылады. Қазақ ұғымында байлықты Құдай береді, адам бермейді. Сондықтан да «Байлықты жаратқан Құдай, кедейлікті де жаратқан Құдай. Бірақ сені бай қылған, кедей қылған Құдай емес» – дейді Абай.

Адамның қадірі – еңбекпен дедік. Бұл – аксиома. Бірақ қандай еңбек? Еңбек өзі екіге бөлінеді: адал және арам. Арам шариғатта «тыйым салынған» дегенді білдіреді. Ал адал /халал/ еңбектің кез келген түрі лайықты, оның қай түрінен де болса жиіркенуге болмайды.

Абайдың: «Есек көтін жусаң да, мал тауып кел» дейтіні сондықтан. Бұл императивті дұрыс түсінбеген кейбіреулер мұны харам жолға пайдаланып жүр. Сөйтіп өздерінің бұзылғандықтарына Абайдың айтқанын негіз еткісі келеді. Қазақта «Жарлы болсаң, арлы болма» деген мақал бар. Кезінде бұл мақалды Абай сынаған.

Үлкен мораль тұрғысынан, ар-ұят тұрғысынан Абайдікі – дұрыс. Кедей екенмін деп ар-ұятыңды саудаға салуға әсте болмайды. Бірақ бұл мақал басқа бір мәселені де меңзеп тұрған секілді. Мәселен, осы «ар» сөзінен шығатын «арлану» деген сөз бар. Бір нәрсені бойына лайық көрмеу деген мағынаны береді. Қазақ айтып тұр: жарлы болсаң, арлы болма, яғни ешқандай халал жұмысты бойыңа ар көрме, жиіркенбе деп тұр.

Бұл айтқанымызбен Абайдың есек туралы айтқаны үндес шығып тұр. Қазіргі кедейшіліктің басты себептерінің

бірі – осы адал еңбектен арлану. Отбасың, әйел, балашағаңа шотырғанға арланбай, бір жұмысты бойына лайық көрмей арлану – барып тұрған сорақылық емес пе?

Кедейшілікке ұрындыратын, бізді еселі еңбектен тосатын тағы бір жайт – жанаярлық. Яғни, біздің өзіміздің жанымызды өзіміз шектен тыс аяуымыз.

Мәшһүр Жүсіп бұл туралы:

«Байдың малы ардақты,

Кедейдің баласы ардақты» – деген.

Бай болатұғын кісі өзін де аямайды, баласын да аямайды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, ұйқы көрмей, күлкі көрмей, күн қатып, түн қатып, жаны да жоқ ойында, ас-су да жоқ ойында, малдың қамын қылуға ыждағаты зор болады. Кедей малдың қамымен жұмысы жоқ, есіл-дерті баласының суыққа тоңбағанын, қарны аш болмастығын, ұйқысы бұзылмағанын мақсат көреді.

Жасынан жаман ғадетке табиғаты үйренген бала соны қалып алып, ақырында мұқтаждықта, қорлықта қалады». Міне, даналардың бізге байлық пен кедейліктің сырын айдан жарық, күннен анық қылып алдымызға жайып салып отыр. Осының бәрі – адамның өз табиғатын жете танымауында. Бойымызда: «Ойбай, өлесің!» деп сыбырлап, бізге үнемі жаны ашып тұратын «досымыз» бар. Шын мәнінде ол біздің досымыз емес, анық жауымыз. Оның аты – нәпсі. Осы «нәпсісін /жанын/ таныған адам ғана Құдайын таниды» – дейді. Нәпсіні аямай, жастайынан еңбекке үйретіп, бас білгізіп тастаған адам ғана мына өмірде де, ана дүниеде де табысқа жетпек.

«Аясаң – аяма!», «Баланы – жастан, қатынды – бастан» деген императив-мақалдар осы орайда айтылған деп білеміз.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.