Тама елінің Сары би деген ақылгөй ақсақалы Даттың үйінде түстеніп отырғанда Сырым баланың әр сөзіне риза болып, оған мынандай өсиет айтыпты:
– Балам, бұл дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, ел алдында беделді, сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң халық сенің маңайыңа жоламай аулақ қашады.
Сырым:
– Ол қандай сөз еді, ата, айтыңызшы?
Сары би:
– Арлы-ожданды бол!
– Елге деген парызыңды ұмытпа!
– Намысыңды жастан сақта!
– Халқыңды алалама!
– Жақыныңды жаралама!
– Қалысыңды қаралама!
Сары би айтқан осы алты өсиетті Сырым шешен қартайғанша есінде сақтап келген.
“Қазақ халқының философиялық мұрасы” кітабынан
Sunna.kz