Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Білімдіге дүние жарық

0 738

Бүгін елімізде жаңа оқу жылы басталды.

Барша мектеп оқушылары мен студенттерді, мұғалімдер мен білім саласының қызметкерлерін, соның ішінде «Нұр-Мүбарак» университетінің, медресе-колледждердің ұстаздары мен шәкірттерін 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Болашақтың іргесін қалайтын шәкірттерге жаңа оқу жылында табыс пен береке тілеймін!

Білім алу үшін күш-жігер, талап-талпыныс қажет. Сонда ғана алған білімнің нәтижесі болады. Асыл дінімізде мұсылмандардың білім алуы – міндет. Алла Тағала «Алақ» сүресінде: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол (Алла) адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін үйретті», – дейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да: «Білім алу мұсылман ер мен әйелге – парыз», – деп білім алудың діндегі орны ерекше екенін ескерткен. Сондықтан біздің ғылым-білім үйреніп, білгенімізді басқаларға үйретуіміз – парыз. Себебі, хадистерден жеткендей, білімді жаю – Алла жолында жасалған үлкен садақа. Сонымен қатар білім – бақыттың кілті, жәннатқа жетелейтін үлкен нығмет. Білімді адамның бұ дүниеде де, о дүниеде де жүзі жарық.

Махмұд Қашғаридің: «Ұлым саған айтайын өсиетін дананың, Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым» десе, Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: «Талаптан да білім мен өнер үйрен, Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл», – деген. Себебі ақылды асыл ететін – білім.

Ендеше, шәкірттеріміздің білім жолындағы қадамына нұр жаусын деп тілеймін! Жаратушы Иеміз олардың алған білімін кәдеге асырып, еліміз бен жеріміздің болашағы үшін қызмет етуін нәсіп етсін! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.