Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алла Елшісінің (с.а.с) намазы қандай еді?

0 831

Пайғамбарымыз намаздағы әрбір қимылын ерекше ықыласпен орындайтын. Сырт көзге өмірі тек құлшылықтан тұратындай әсер беретін. Тіпті бір хадисінде « Менің ең үлкен қуанышым намазда. Намаз – көзімнің нұры, рухани ләззатым» (М. Юсуф Кандаһлауи: Хаятус сахаба 3т. 500 б) – деп, намазға деген құштарлығы, дүниедегі қызығарлық барлық нәрседен артық екендігін меңзеп айтқан. Оның әрбір намазы Алланың құзырына жетелейтін «миғраж» секілді еді. Бұл турасында «Алланы көріп тұрғандай намаз оқы. Сен Алланы көрмесең де, Ол сені көріп тұр» (Бұхари, Иман 1/27) – деп, соңғы рет намаз оқып тұрғандай, яғни, ихсан деңгейінде намаз оқу керектігін өсиет еткен.

Екі жиһан сәруары (с.а.с.) дұғасында: «Уа, Алла Тағалам! Дұрыс пен бұрыстың арасын алыстатқаныңдай, мені де қателіктерімнен алыстата гөр. Уа, Алла Тағалам! Ақ киімді кірден тазаланғаныңдай, мені де қателіктерімнен тазарта гөр» (Әбу Дәуіт, Хаким) – деп шынайы ықыласпен тілек тілейтін. Намазға ықыластылығы соншалық – парыз болған намаздармен бірге нәпіл намаздарын да оқитын. Бес уақыт парыз бен сүннет намазына «дұха», «әууабин», «таһажжуд» секілді нәпіл намаздарды да қосып оқып, құлшылыққа ерекше ынтызарлығын байқатқан.

Аллаға деген сүйіспеншілігін құлшылығын арттыру арқылы білдіріп, үмбетіне үлгі болған. Нәпіл намазында рукуғқа барғанын көргендер «Ойпырым-ай, сәждеге баруды ұмытпады ма екен?» – дейтіндей ұзақ уақыт рукуғта тұрып, сосын сәждеде де сондай ұзақ тұратын. Хадистердің тағы бірінде Жәбірейілдің (а.с.) оған: «Саған намазға деген құштарлық берілді. Одан қалағаныңша нәсібіңді ал» (әл-Бидая 6 т. 58 б.) – дегенінен Пайғамбарымыздың намазға деген құштарлығы, Алла Тағаланың берген сыйы екенін аңғарамыз.

Хузайфа Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге қалай намаз оқығанын, Пайғамбарымыздың намазға деген ықыласын былайша жеткізеді: «Бір түні байқатпастан келіп Пайғамбарымыздың артына намазға тұрдым. Алла елшісі «Фатиха» сүресінен кейін «Бақара» сүресін оқи бастады. Мен ішімнен «Бақара» сүресінің жүзінші аятында рукуғқа баратын шығар деп ойладым. Алайда менің ойлағанымдай болмады. Пайғамбарымыз «Бақара» сүресін бітіріп («Бақара» сүресі 286 аяттан тұрады), әрі қарай «Ниса» сүресін оқыды. («Ниса» сүресі 176 аяттан тұрады) «Ниса» сүресін тамамдаған соң, «Әли Имран» сүресіне өтті («Әли Имран» сүресі 200 аяттан тұрады). Салмақты, бір әуезбен мағыналы қалыпта оқи берді, оқи берді…Тасбих аяттарын оқығанда «субханаллаһ» дейді, дұға аяттарын оқыған сәтте дұға қылады. Жалбарынатын аятты оқыған кезде Аллаға жалбарынады. «Әли Имран» сүресінен кейін рукуғқа барып «субхана раббиәл-азим» деді. Рукуғы да қиямына ұқсас. Рукуғтан кейін тік тұрып, «Самиаллаһу лиман хамидаһ» деді. Тік тұрғандағы уақыты да рукуғдағы уақыты секілді еді. Осыдан кейін сәждеге барып: «Субхана раббиәл-ағла» деді. Сәжделері де ұзақ еді (Юсуф Кандаһлауи, 1435 б) . Әрине, бұл жеке оқыған намазы. Мұнша беріле намаз оқып жүріп еш уақытта намаздан шаршағанын білдірген емес.

Хазірет Айша анамыз Пайғамбарымыздың оқыған намазын сөзбен жеткізе алмай: «Оның қиямда тұруын сен сұрамай-ақ қой, мен айтпайын!» – деп таңғалысын білдіретін. Алла елшісінің (с.а.с.) рукуғта, сәждеде, қиямда ұзақ тұрғанын осылай айтқан (Бұхари, Таһажжуд, 16; Мүслим, Мусафирин, 125). Тіпті Айша (р.анһа) анамыз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) намазды өте ықыласпен, жылап та, жалбарынып та оқығанын тілге тиек етіп: «Алла елшісі Біләлдің азан шақырған даусынан оянатын. Дәрет алып, мешітке барар жолда шашы мен жүзінен су тамшылап тұратын. Имамдыққа тұрып, намаз оқытқанда көбінесе жылап тұрғанын еститін едім…» – деген.

Мутаррифтің әкесі риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыздың намаз оқығанын көрдім. Намазда жылағаны соншалықты – тасты диірменге салып үгіткендей көкірегінен ауыр бір дыбыс естіліп тұрды» (Хафи әл -Мунзири, Тарғиб уа тархиб 1/500) – деп жалбарына намаз оқитынын айтқан.

Пайғамбарымыз намаз бастағанда жанындағы сахабалар оның көкірегінен қайнаған қазанның даусындай бұрқылдаған дыбыс еститінін айтқан (Қади Яаз, Китабу Шифа би хуқуқи мұстафа 112 б.). Бұл да оның (с.а.с.) жүректен, бар ынтасымен намаз оқитындығының белгісі.

Умәйрұлы Үбәйд Айша анамыздан: «Алла елшісінің ең таң қалдыратын ісін айтыңызшы?» – деп өтінгенде: «Оның қайсы ісі таң қалдырмады десеңші?!» – дейді де: «Бір түні бөлмеме кірді де, төсегіме жайғасты. Сонан соң: «Ей, Айша, маған рұқсат бер, Раббыма құлшылық жасайын», – деді де, дәретін жаңартып, намазға тұрды. Намазда жылағаны соншалық – көз жасы көкірегіне тамшылап жатты. Рукуғқа барғанда да, сәждеге бас қойғанда да ұзақ уақыт жылады. Алла елшісінің жылауы таңғы намаздың уақыты кіріп, Біләл азан айтқанға дейін созылды». Сонан соң: «Уа, Нәби! Алла сенің өткен және болашақ күнәларыңның бәрін кешірді ғой. Неге мұншалықты таусыла жылайсың?» – дегенімде, ол «Аллаға шүкір қылған құл болмаймын ба?» (Мүснәд 169/93, 111 б) және «Алла Тағала мына аятты түсірсе, қалайша жыламайсың: «Күмәнсіз көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күндіздің алмасуында әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар (Тарғиб, 2 т. 32 б) . Олар тіке тұрып, отырып, жамбастап жатып (кез келген жағдайда) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың. Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!». «Раббымыз! Сен кімді отқа салсаң, расында оны қорладың, залымдардың ешқандай жәрдемшісі жоқ». Раббымыз! Біз: Раббыларыңа иман келтіріңдер (деп) шақырған шақырушыны естіп, иман келтірдік. Раббымыз! Күнәларымызды жарылқап, жамандықтарымызды кешір, жақсылармен бірге өмір бер! Раббымыз! Бізге елшілеріңе уәде еткендеріңді бер, сондай-ақ бізді қиямет күні қор қыла көрме. Күдіксіз Сен уәдеден ешқашан да таймайсың» («Әли Имран» сүресі, 189-193) – деген аятты оқыды», – деп баяндайды.
Аллаға жақын болу мен хақ дінді жаю ісін тең ұстаған, өне бойы биязылық пен әдептілікке тұнып тұрған Пайғамбарымыз (с.а.с.) қай жағынан алғанда да, барша адамзатқа үлгі.

Бір күні Ибн Масғуд Алла елшісінің нәпіл намаз оқып тұрған кезіне жолығады. Көп ойланып жатпастан дереу оның артына ұйып тұра қалады. Бұл оқиғаны өзі былай баяндайды: «Артына ұйып тұра қалдым, небәрі екі-ақ рәкат намаз еді, бірақ Алла елшісі сүрелерді ұзақ оқыды. «Бақара» сүресін бітіргенде рукуғқа баратын шығармыз деп ойладым, бірақ ол «Әли Имран» сүресіне өтті. Ол біткенде, «Енді рукуғқа баратын шығармыз», – деп, көңілім байыз таппай тұр еді, іле «Ниса» сүресін бастап кетті. Рукуғқа бармастан «Мәида» сүресін де оқи бастады. Алғашқы рәкаттың өзінде-ақ осы төрт сүрені, яғни Құранның 124 бетін оқыды. Шыны керек, сол уақытта маған бір ой келді. Жанында отырған сахабалар: «Не ойладыңыз?» – деп сұрағанда, Ибн Масғуд: «Сабырым жетпей кеткендіктен, намазды сол жерден үзсем бе екен дедім» (Кандаһлауи, Хаятус -сахаба, 3/503.) – дейді.

«Алла елшісінің бойында сендерге үлгі боларлық көп қасиеттер бар» деп Құранда айтылғандай, Пайғамбарымыз (с.а.с.) ғибадатты орындауда іс жүзінде барша мұсылмандарға үлгі көрсеткен. Бұны Ибн Масғуд секілді ең алдыңғы қатарлы сахабаның өзі оның оқыған намазына шыдай алмағанынан- ақ аңғаруға болады. Алла елшісінің құлшылықта әрқашан алда болғаны осыдан-ақ белгілі.

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.