Пайғамбарлық міндетіне кіріскен Алла елшісі (с.ғ.с) Ислам насихатының алғашқы кезеңінде-ақ иманға келген жандардың бір-біріне бауыр екендігін жариялады. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Шын мәнінде, мүміндер – бауыр», – деп айтады («Хужурат» сүресі, 103-аят). Тағы бір аятта Алла Тағала бауыр болудың маңызын ескертіп: «Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырып, Оның нығметімен бауырға айналдыңдар», – дейді («Әли Имран» сүресі, 103-аят). Ардақты Пайғамбарымыз да (с.ғ.с) хадисінде: «Алланың құлдары, өзара бауыр болыңдар!» – деп бұйырады.
Мұсылманның басқа мұсылманмен бауырластығы Алла Тағаланың разылығы үшін болуы қажет. Бауырмалдық жайлы келген хадистерде осы мәселе ерекше айтылған. Мысалы, қиямет күні Аршының көлеңкесінде болатын жеті топтың бірі жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алланың разылығы үшін бір-бірін жақсы көріп, сол үшін кездесіп әрі сол үшін қоштасатын екі адам», – дейді (Бухари, Муслим).
Тағы бір хадисте: «Үш сипат бойында табылған адам иманның дәмін сезінеді: Алла мен Оның елшісін (с.ғ.с) барлық нәрседен артық жақсы көрген. Бір адамды жақсы көрсе, тек Алла разылығы үшін жақсы көрген. Отқа қалай түсуді қаламаса, дәл солай күпірлікке оралуды қаламаған адам», – деп келген (Бухари, Муслим).
материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,
sunna.kz