Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

“ИСЛАМ ЖӘНЕ ҰЛЫ ДАЛА” КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ ҮНДЕУІ

0 2  305
Біз, «Ислам және Ұлы дала өркениеті» атты конференцияға қатысушылар, тарихшы ғалымдар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани саладағы игі бастамаларына, атап айтқанда, халқымыздың діни санасының қалыптасуында Ислам дінінің, оның ішінде суниттік ханафи мәзһабының рөлін арттыру, Исламның қазақстандық дәстүрлі үлгісін дамыту, рухани біртұтас қоғам құру идеясына бірауыздан қолдау білдіреміз.

Қазақ топырағынан шыққан танымал діни тұлғалардың еңбегін насихаттау, жастардың діни көзқарасының радикалдануына жол бермеу, түркі-мұсылман жұртшылығының Ислам дінін қабылдауына ерекше ықпал еткен Қ.А.Яссауидің шығармаларын өскелең ұрпаққа өнеге ету, дін мен дәстүрді жаңғырту – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселелерінің бір парасы деп санаймыз.

Қазақ халқы ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата діні – Исламды саналы түрде жүрек қалауымен қабылдады.

Байтақ даланың тұрғындары рухани негіздерін Исламнан тауып, діннің адамгершілік құндылықтарын бойына сіңіріп, өздерінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын байыта түсті.

Ежелгі Мәуреннахр – Исламның таралу аймағы ғана болып қалған жоқ. Сонымен қатар, асыл дініміздің даму, өркендеу орталығына айналды. Мұхаммед әл-Бұхари, Әбу Ханифа, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Жүсіп Баласағұни сынды ғұлама-ғалымдар, ойшылдар әлемдік Ислам өркениетіне өлшеусіз үлес қосты. Осылайша, қазақ топырағында исламдық дәстүрлі ағарту мектебі қалыптасты.

Біз Ислам және бейбітшіліктің – егіз ұғым екенін айтудан және осынау ұлы ұғымдарды ұрпақ санасына сіңіруден ешқашан жалықпауымыз қажет. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бастамасы дер кезінде жүзеге асқан кешенді бағдарлама деп бағалаймыз.   

Бүгінгі конференцияның негізгі идеясына айналған діни таным мен сал-дәстүрімізбен үйлескен ортаазиялық діни мектебімізді жаңғыртып, біртұтас мұсылман үмбетін қалыптастыру бастамасын құптаймыз. Осы ретте барша мұсылман қауымды дін атын жамылып, соқыр сенімге жетелейтін, дінді озбырлық әрекеттер мен саяси және жеке мүдделер үшін пайдалануды көздейтіндерге ілеспеуге шақырамыз.

Біз конференцияға қатысушылар, Қазақстан азаматтарын қоғамда жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтардың насихатталуына, тарихи дінімізді келесі ұрпаққа дұрыс жеткізуге, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртуға белсенді түрде үлес қосуға үндейміз.

Конференцияға Қазақстанның Бас мүфтиі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің лауазымды басшылары, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, дін қызметкерлері қатысты.

Түркістан қаласы 24 қаңтар 2018 жыл

 muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.