Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сансызбай Шоқанов: Оразаның қасиеті мен берекеті

0 1  737

20-мамыр. /SUNNA.KZ/ – ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі, белгілі исламтанушы-ғалым Сансызбай қажы Құрбанұлы Нұр-Сұлан қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіне арнайы келіп, құптан намазында «Оразаның қасиеті мен берекеті» тақырыбында уағызын айтты.

Қасиетті Рамазан айында ҚМДБ-ның тапсырмасы аясында, РАНТ мүшелерін арнайы шақырып, уағыз-насихат жұмыстарын жетілдіру және жамағатқа білікті ғалымдардың уағыздарын тыңдауға мүмкіндіктер тудыру мақсатында, белгілі-ғалым Сансызбай Шоқанов ұстаз арнайы шақыртылды.

Ұлағатты ұстаз, қасиетті Рамазан айының он бесінші күні құптан намазында «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің жамағатымен жүздесіп «Оразаның қасиеті мен берекеті» тақырыбында уағыз айтты:

«Имам Ахметтің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.а.у.) ораза тұтушының ерекше қасиеттері жайында былай дейді: “Менің үмбетіме Рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес нәрсе бар”.

Олар:

Ораза тұтушының аузының исі Алланың алдында хош иісті мисктен, сөзсіз, артық болады;

Ауыздарын ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар тілеп тұрады;

Алла Тағала Рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: “Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерін тастап, саған кіретін күні жақын қалды”, – дейді;

Бұл айда жындардың біразы шынжырланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды;

Ал соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі. Сахабалар: “Уа, Расулалла! Ол түн Қадір түні ме?”- деп сұрағанда, ол (с.а.у.) “Жоқ, жұмысшы да ісін толық бітірген соң өзінің сыйын алмаушы ма еді? Сол сияқты» – деген ұстаз Сансызбай Шоқанов, Рамазан айында ораза ұстаушы мұсылманның бойында табылуға тиіс сипаттарға жеке-жеке тоқталып түсіндіріп өтті.

Сансызбай ұстаздың жиналған жамағатқа Рамазан айының артықшылықтары мен берекесі жайындағы тұшымды уағызынан соң «Көктөбе» қарилар орталығының түлегі, көптеген республикалық һәм халықаралық Құран жарыстарының жүлдегері Қайырбай Дәукенұлы және қари Елсейд Мұхаммед Ахмет Мұхаммед қарилердің имамдығында барша жамағат тарауых намазын оқыды.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

 

   

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.