Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жаңа мешітке бас имам тағайындалды (ФОТО)

0 1  506
Күндердің сұлтаны Жұмада көпшілікке есігін айқара ашқан «Раиса ана» мешітінде бүгін алғашқы уағыз айтылып, жамағат намазы оқылды. 

«Кәсіпке адалдық» тақырыбында уағыз айтқан ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатқа адал еңбектің, ризық-несібені дұрыс жолмен табудың абзалдығын құран аяттары және пайғамбар (c.ғ.с.) хадистері арқылы жеткізді. 

Жұма намазының азаны айтылмай тұрып Н.Тағанұлы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығын оқып, жаңа мешітке Қалижан Заңқоевтың тағайындалғанын жариялады. 

– Бүгін міне, Нұр-Сұлтан қаласында жаңа мешіттің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Бұл мешіт Сарыарқа ауданының халық ең көп шоғырланған жеріне, ерекше айта кететіні, «мешіт керек-ау» деген жерге салынды. Өйткені, өздеріңізге белгілі біздің қаламыздың Әзірет Сұлтан, Нұр-Астана сынды зәулім-зәулім мешіттері басқа аудандарда орналасқандықтан, Сәдуақас қажы Ғылмани мешітіне жұма күнін былай қойғанда, күнделікті бес уақыт намазына жиналатын жамағаттың өзі сыймай қалып жататын.  

Енді көптің ниеті, Алланың қалауы деп білеміз, күнделікті қозғалыс бір сәтке де тоқтамайтын темір жол және автовокзал маңына салынған «Раиса ана» мешіті қала тұрғындарынан бөлек, елорда қонақтарының көзайымына айналады деген сенімдеміз. Себебі, 1500-2000 адам сыятын мешітіміз – бас қалаға сапар шегіп келген жолаушыларға бірінші болып көрінетін ғимарат.

Одан кейін жаңа мешіттің ашылуында қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаевтың мына сөзі өте қатты ұнады. Ол кісі: «Біз мешіттердің қатары көбейгеніне қуануымыз керек. Өйткені, мешіт көбейген жерге береке орнайды, Алланың үйі – имандылықтың, жақсылықтың орны» — деген болатын.

Қазір елордамызда 11 мешіт жұмыс істеп тұр. Құрылысы жүріп жатқандар бар, әлі салынатындары қаншама?! Бірақ, біз мешіттің көбейгенінен қорықпауымыз керек. Керісінше, шын көңілмен қуанғанымыз абзал болмақ. Қасиетті Жұма мүбәрак болсын!» — деп сөзін түйіндеді Қ.Заңқоев.

Өмірбаянынан қысқаша мәлімет.

Заңқоев Қалижан Байырбекұлы 1977 жылдың 20 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. 1992-1997 жылдары Өзбекстан Республикасының Андижан қаласындағы «Саид Мухиддин Махдум» медресесінде «Имам-Хатиб» мамандығы бойынша білім алған.

1998-2000 жылдары аралығында Түлкібас ауданы мен Шымкент қаласында наиб имам қызметін атқарған.

2000-2002 жылдары Алматы қалалық орталық мешітінің бірінші наиб имамы болса, 2002 жылдың тамыз айынан 2013 жылдың қыркүйек айына дейін  Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы болып қызмет атқарды.

2004 жылдың қыркүйек айынан бастап, Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасының наиб мүфтиі болды.

2007-2016 жылдары аралығында Елбасының қолдауымен «Нұр Астана» орталық мешітінің жанынан ашылған «Астана» медресесінің директоры қызметін атқарды.

2017-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әлжан ана» мешітінің Бас имамы қызметін атқарды.

2008 жылы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің филология факультетін бітірді. Әлемдік және дәстүрлі діндер  Басшылары съезі хатшылығының өкілі, Қазақстан халықтары Кіші Ассамблеясы кеңесінің мүшелігінде болды. 2008 жылдың наурыз айында Бас мүфти Ә.Дербісәлі бастаған делегациямен Египетте өткен XX Ислам конференциясы, 2011 жылы 14-15 қарашада Мәскеуде өткен «Ресей және Ислам әлемі. ТМД кеңістігіндегі модернизацияландырудың көп бағыттылығы»  атты VII мұсылман форумына қатысты.

2003 жылдың қазан айында Әлем діндері съезін ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін ҚР Президенті Әкімшілігінің алғыс хатымен, 2005 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 10-жыл» медалімен, 2008 жылы шілде айында ҚР және оның Астанасының дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін ҚР Президенті Жарлығымен «10-жыл Астана» медалімен, 2008 жылдың 5 желтоқсанында ҚР Президентінің № 4913 жарлығы бойынша «Шапағат» медалімен, 2010 жылы 1-2 желтоқсанда Астана қаласындағы VII Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитін дайындауға және өткізуге белсенді қатысқаны үшін ҚР Президентінің алғыс хатымен, 2011 жылы «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2012 жылдың 21 желтоқсанында ОҚО Түлкібас ауданы әкімшілігі ҚР-ның Заңнамасына сәйкес «Түлкібас ауданының құрметті азаматы» атағымен марапатталды.

2006 жылы 3000 данамен үш тілде «Нұр Астана» атты кітабы жарық көрді.

2009-2010 жылдары «Нұр Астана» орталық мешітінде жамағатқа әйгілі ғалым Абдуррахман әл-Бәшаның «Суар мин хаятис-сахаба» атты кітабынан  дәріс жүргізді. 65 сахабаның өмірін қамтыған бұл еңбек «Сахабалар тарихы» деген атпен аудио түрінде алты үнтаспаға жазылып, 10 000 мың данамен басылып, мұсылман жамағатына тегін таратылды.   

2012 жылы «Һидая» кітабының авторы Бұрһануддин Әбу Хасан Әли ибн Әбу Бәкір әл-Марғинанидың шәкірті, Отырар алқабындағы Зернұқ, Зарнұдж шаһарының перзенті, жерлесіміз Бұрһануддин Зарнужидің  «Таълим әл-Мутаъаллим» атты еңбегін «Тәлімгер тағылымы» деген атпен аударып шықты. Еңбек он мың тиражбен басылып, еліміздегі барлық медресе шәкірттері мен жалпы халыққа тегін таратылды.

2006 жылы туған жері Алғабас ауылында мешіт тұрғызды.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.