Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әр қиындықтың соңы

0 1  358

Жер бетін басқан түннің қара түнегінен кейін атқан таңның  шуағымен  айналаның  нұрға  бөленетіндігі қандай ақиқат болса, қайғы-мұңға батқан жанның да қайғысы сейіліп, артынан жеңілдік келері хақ.

 Бұл – Алла  тағаланың  жалпы  жаратылысқа  жазған  заңы. Құран  аятында  былай  делінген: َ

فَإِنَّ مَعَ الْعُسْرِ يُسْرًا  إِنَّ مَعَ الْعُسْرِ يُسْرًا

«Олай болса, әр қиындықтың соңында бір жеңілдік  келеді.  Расында,  әр  қиындықтан  кейін жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 5-6 аяттар). Бұл аяттарда жеңілдік сөзінің екі мәрте қайталануы да біреуі дүниедегі жеңілдік болса, екіншісі ақыреттегі жаннатқа кіру жеңілдігі деп тәпсірленген.

Демек, бір қиындықтың нәтижесінде дүние мен ақырет жеңілдігі болмақ. Біреу науқастанса, жалған дүниедегі жеңілдігі науқасынан айығуы, екінші жеңілдігі болса, ақыреті үшін сол науқасы арқылы күнәлары кешіріліп, сауабы молаяды екен.

Бұл жайлы Уилиам Джеймс: «Біздің қиындығымыз – өзіміз күтпеген жетістіктерге жетуге көмектеседі.

Достаевский  мен  Толстой  қиын  ғұмыр  кешпегенде өздерінің өшпес романдары мен әңгімелерін жазбас еді. Жетімдік, соқырлық, ғаріптік пен кедейлік – адамның дарындылық пен жетістіктеріне, дамуы мен сыйға ие болуына себеп болады» дейді.

Ұлы адамдардың өміріне қараған кезде қиындықтың олар үшін жақсылықтарға бастама болғанын көреміз. Мысалы,  Ибнул-Әсир  «Жәмиғуль-усул»  және  «ән-ниһая» атты кітаптарын мүгедек болған кезінде жазған.

Әс-Сарахси өзінің танымал 30 томдық «әл-Мабсут» атты кітабын құдықта зынданда жатқанда жазды. «Сахихуль- Муслим» кітабын Қуртуби кемеде кетіп бара жатып жазды. Жүз мыңдаған хадистерді жазған хадисшілер кедей болған әрі кітаптарын шет жерде жүріп жазған.

Данышпан кісі түрмеде жатқан кезінде Құранды жаттағанын және қырық том кітап оқығанын айтты. Ал Абуль Ала әл-Маарри соқыр бола тұра танымал кітаптары мен жинақтарын жазған. Сол секілді Таһа Хусейн де көзі соқыр бола тұра өзінің күнделіктері мен әдеби еңбектерін жазып шыққан.

Абай атамыз «Қары көп қалың қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жаз келеді», – деп қандай жақсы айтқан.

«Үміт сәулесі» кітабынан алынды.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.