Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Білімді мыңды жығады

0 3  009

Даңқты балуан білегіндегі күшіне, шіріген бай жиған дәулетіне сенеді. Бұл  екуінің біреуін таңдап, нағыз күш деп атасаңыз қателескеніз.

Байдың күші мұқтаждарға қайырымдылық жасағанында, әйтпесе мал-дүниесі қолдың кірі ғана. Балуанның күші білегінде, біркақ та жалғыз ғана қарсыласын жығуға жетер немесе топқа   шамасы жете қоймас.

Ал, ешқашан сарқылмайтын, өмірде бағыт бағдар беріп, мыңдарды жығатын күш, ол – білім. «Білекті бірді , білімді мыңды жығады» дейді қазақ. Бұл мақалды көбіміз жатқа білсек те, мағынасына терең үңіліп ойланып көрмеген болармыз.

Адам баласы туа сала ештеңе білмегенімен, Жаратушы ием оны үйренуі үшін барлық мүмкіндіктермен қамтыған. Адам баласы туа білмейді, жүре біледі. Сол сізге берілген мүмкіндіктердің ең негізгісі және сізді өзге жаратылыстардан айыратын ақыл және ойлау қабілетіңіз.

«Екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас» демекші осы ақыл-ойыңыз арқылы үйреніп, білім күшіне ие бола аласыз. Білім – жеңілмейтін қару, қараңғы түнде адастырмас жарық жұлдыз.

Адамзатқа рахым, мейірім ретінде берілген аса бағалы сый – білім. Адамдардың жануарлар мен хайуанаттардан айырмашылығы да білім үйреніп, ғылым ізденуінде.

Хазіреті Әліден (с.ғ.с.) «Білім артық па,байлық артық па?» деп қойған сұраққа он түрлі жауап берген екен:

  1. Білім артық. Өйткені, ол – Пайғамбарлардан қалған мирас, байлық – бақылдардан қалған мұра.
  2. Білім артық. Білімдінің жанында адал достар көп болады. Ал, бай адамның қасында амал достар көп болады.
  3. Білім артық. Ол досыңды көбейтеді. Байлық дұшпаныңды арттырады.
  4. Білім артық. Оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.
  5. Білім артық. Оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ. Ал, жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.
  6. Білімің көп болса, ел саған қызығады. Байлығың көп болса, ел сені қызғанады. Білімнің артық болатыны содан.
  7. Білім артық. Білімің көп болғанмен, есеп-қисап жүргізбейсің. Байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
  8. Білім қанша көп болса да, іріп-шіріп кетпейді. Дүние-мал болса бүлінеді. Сондықтан да білім артық.
  9. Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық болса, сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.
  10. Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді. Сондықтан білім артық деген екен.

Рахматулла Байменов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.