Құлшылықтарда уақыттың қадірі ерекше орынға қойылған. Қажылық, ораза белгілі айларда, мың айдан да қайырлы болған қадір түні белгілі түнде, күндердің сұлтаны да жұма күнінде, тіпті адамның ауыз ашып, ауыз бекітуі де де белгілі сағаттар мен минуттарда.
Құлшылықтардың қабыл болуы тікелей уақытқа байланысты.
Сол ұлы құлшылықтардың бірі намаз жайында және оның адам уақытын жүйелеуге тигізер септігі турасында сөз етпекшіміз.
Намаз – діннің ең басты белгісі, ең басты рәмізі. Ислам дінінде пенде мен Раббының арасындағы тұрақты байланыс көпірі. Намаздың адам баласына берер рухани пайдалары өте көп, алайда соның ішінде адамның уақытын жүйелеуге қатысты пайдалары сирек айтылады. Алла Тағала намаздың уақыты жайында былай деді:
فَأَقِيمُوا الصَّلاةَ إِنَّ الصَّلاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَوْقُوتًا
«Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар. Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда парыз етілді»[1].
Қысқаша түсіндірмесі: Намазды барлық шарттарын ескере отырып, әр қимылын ерекше құлшыныспен орындаңдар. Мұсылман үшін әр намаздың өзіне тән уақыты бар. Сол себепті уақытында оқылған намаздың Алла үшін ең сүйкімді амалдардан екенін естен шығармаңдар.
Жоғарыдағы аяттағы «белгілі уақыттарда» деген сөздің мағынасы әр парыз намаздың өзінің уақыты бар екенін білдіреді. Қандай жағдай болса да оның парыздығы сол уақыттардан шықпайды. Уақыты өтіп кеткен намаз қаза саналады. Толыққанды сүннеттерін қосып оқыған қаза намаздан уақытында тек парыздары ғана өтелген намаз әлдеқайда абзалырақ.
Басқа бір аятта Алла Тағала намазға және оның уақыттарына мұқият болу керектігі жайында былай дейді:
حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلاةِ الْوُسْطَى وَقُومُوا لِلَّهِ قَانِتِينَ
«Бес уақыт намазға, әсіресе ортаңғы намазға өте мұқият болыңдар. Алла үшін намазға тұрып, алдында барынша кішірейіп, құлдық ұрып тұрыңдар»[2].
Қысқаша түсіндірмесі: Уа иман келтіргендер намаздарыңа әсіресе уақыттарына ерекше мұқият болыңдар! Әсіресе екінті намазының орны ерекше, ол намазды оқығандығы жайында қияметте періштелер куәлік етеді. Намазда жүректің Алламен байлануы, әр қимылына ерекше мән бере отырып орындауың – кәміл намаздың көрінісі.
Басқа бір аятта:
وَأَقِمْ الصَّلاةَ طَرَفِي النَّهَارِ وَزُلَفًا مِنْ اللَّيْلِ إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّيِّئَاتِ ذَلِكَ ذِكْرَى لِلذَّاكِرِينَ
«Күндіздің екі уақытында сондай-ақ түннің күндізге таяу уақыттарында намаз оқы. Шынында жақсылықтар жамандықтарды жояды. Бұл ойланып ғибрат алатындар үшін айтылған бірер насихат»[3].
Қысқаша түсіндірмесі: Намазды кемеліне келтіріп өз уақыттында орында. Күндіздің екі уақытында бұл жерде бесін, екінті намаздары айтылған. Түннің күндізге таяу уақыттары деп таңсәрі, ақшам, құптан намаздарын айтқан. Ізгі амалдар соның ішінде бес уақыт намазды үзбей, кемеліне келтіріп оқу, намаз арасындағы кіші күнәларді өшіретіні жайында пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде жеткен.
Намаздардың белгілі бір уақыттарда қайталануында қандай хикметтер бар? Ең маңыздысына тоқталсақ:
-Адамның жүрегін үздіксіз жасалатын күнәлардан тазалап тұрады. Бұл сөздің мағынасы – адам өзін әрдайым жетілдіріп отырады. Әр намаз сайын өзінің кеткен қателерін саралап, болдырмау үшін әрекет қылады. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бес уақыт намаздың мысалын былай сипаттаған:
أَرَأَيْتُمْ لَوْ أَنَّ نَهْرًا بِبَابِ أَحَدِكُمْ يَغْتَسِلُ مِنْهُ كُلَّ يَوْمٍ خَمْسَ مَرَّاتٍ هَلْ يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيْءٌ؟ قَالُوا: لَا يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيْءٌ. قَالَ: فَذَلِكَ مَثَلُ الصَّلَوَاتِ الْخَمْسِ يَمْحُو اللَّهُ بِهِنَّ الْخَطَايَا
«Сендердің араларыңнан бір адамның есігінің алдында өзен ағып, ол сол өзенге күніне бес рет шомылса, ол адамда кір қала ма?» – деп сұрағанда, сахабалар: «Жоқ қалмайды», – деп жауап қайырады. Сонда Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Судың кірді тазалайтынындай бес уақыт намаз да күнәларды тазалайды»[4], –деп мұсылмандарды сүйіншілеген.
Басқа бір хадисте:
الصَّلَوَاتُ الْخَمْسُ وَالْجُمْعَةُ إِلَى الْجُمْعَةِ وَرَمَضَانُ إِلَى رَمَضَانَ مُكَفِّرَاتٌ مَا بَيْنَهُنَّ إِذَا اجْتَنَبَ الْكَبَائِرَ
«Бес уақыт намаз, жұмадан жұмаға дейін, рамазаннан рамазанға дейін үлкен күнә жасамаған адамның кіші күнәлары кешіріледі»[5].
Яғни, намаз оқу арқылы адам өзін күнәлардан алшақ ұстайды қателігін азайтып, шынайы мұсылманға тән сипатқа қадам басады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ ۗ وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ ۗ وَاللَّهُ يَعْلَمُ مَا تَصْنَعُونَ
«Намаз – адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан тыяды. Ал Алланы үнемі еске алу болса, құлшылықтың ең үлкені, ең зоры. Алла сендердің не істеп жүргендеріңді толық біледі»[6], – деген.
Қысқаша түсіндірмесі: Егер мұсылман жамағат намазына ерекше мән беріп жүрегі намазға байланған күйде қорқынышпен әрбір әрекетіне зер салып Раббысының алдында тұрғандай толық орындайтын болса, оның бойында күнә амалдарға қарсы тұратын қалқан пайда болады. Ол әрбір сөзіне, әрекеттеріне мән беріп Алланың бекіткен шеңберінен аспауға тырысады.
Хамзат Қажымұратұлы
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы
[1]«Ниса» сүресі, 103 аят.
[2]«Бақара» сүресі, 238-аят.
[3] «Һуд» сүресі, 114-аят.
[4] Бұхари хадистер жинағы.
[5] Тирмизи хадистер жинағы
[6] «Анкабут» сүресі 45-аят