Зират – барша адамзаттың Жаратушы алдында тең екенін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қасиеттермен ғана биік тұратынын көрсететін ғибрат мекені. Адам баласының Алла құзырында тең екені қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде ашық айтылған. Зираттарға құлпытас қою кезінде теңдік ұстанымын қатаң сақталуы керек.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылы өткен имамдардың республикалық ІV форумында қабірлерді тұрғызудың және оны зиярат етудің халыққа ортақ әдебін қалыптастыру мақсатында «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын қабылдаған болатын. Бұл құжатты қабылдаудағы басты себеп – соңғы кездері кейбір аймақтарда орындалып жатқан діни рәсімдердің шариғат талаптарына сәйкес келмейтін өзгерістерге ұшырауы. Еліміздің әр өңіріндегі зират көтерудің, қабірге зиярат жасау мен аруақ құрметтеудің әркелкі салт-жоралғыларының көрініс тапқанын ескеріп, зират пен зиярат мәдениетінің баршаға ортақ үлгісін барлық аймақта қалыптастыру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан халыққа діни-салттық қызмет көрсететін «Қамқор-шарапат» орталығын ашу туралы шешім қабылданды. Бүгінде аталған орталықтың әр облыста өз өкілдігі ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады. Мақсаты –елімізде зират көтеру, жерлеу, қабірді зиярат ету сынды діни рәсімдерді бір жүйеге келтіру, бұл мәселе бойынша халық арасында түсінбеушілік жағдайды болдырмау.
Осы мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Камалжан Бекбосынұлының қатысуымен мұсылманша жерлеу рәсімдерін бірізділікке келтіру жобалары жайлы кездесу өтті. Кездесуге «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков және мешіт имамдары мен қызметкерлері қатысты.
Камалжан Бекбосынұлы елімізде жобаны іске асыру сатылары, жүйесі, атқару барысындағы түйіткілді мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарды қараумен жобаны ары қарай дамытуды бойынша жұмыстар атқару керектігін айтты.
Айта кететін жайт, соңғы кездері кейбір аймақтарда орындалып жатқан діни рәсімдердің шариғат талаптарына сәйкес келмейтін өзгерістерге ұшырап, қабір басына құлпытас ретінде үлкен ескерткіштер мен зәулім қоршаулар орнатылуда. Қабірге үлкен кесене тұрғызу, қорған орнату сынды мазаратқа қатысты мәселелерде шариғат талаптарына қайшы, ата-баба дәстүріне де жат, бүгінгі өркениетке де сәйкес келмейтін әрекеттер көрініс табуда. Мұндай келеңсіз жағдайлар ел арасында түсінбеушілік тудырып жатқаны белгілі… «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын діни рәсімдердің шариғатқа сай орындалуын тәртіпке келтіріп, зират тұрғызу мен зиярат жасаудың, кесене салудың жалпыға ортақ бірыңғай мәдениетін қалыптастыру және соны еліміздің барлық өңірлерінде қолдану мақсатында қабылданған болатын. Қазір осы жоба бойынша елімізде нақты шаралар қолға алынып, өз нәтижесін де беріп жатыр.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі