Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Еш күмән келтірмей иман келтірген тұлға

0 451

Әбу Бәкір сауда сапарымен Йеменде жүргенде, Мекке халқы Мұхаммедке (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) пайғамбарлықтың келгендігі туралы хабарды естіп, толқу үстінде болатын. Өз кітаптарынан жаңа пайғамбардың келетінін оқыса  да,  кейбір  яһудилер  мен  христиандардың өздеріне де бұл хабар тосын естіліп аң-таң болып жатса, мүшріктер:

”Ішіміздегі ешкімі жоқ жетімекке пайғамбарлық қалай келмек? Пайғамбарлық келер болса руымыздың ішіндегі беделді біреуге келуі керек емес пе еді?”,-деп  бұлқан-талқан  боп,  алатайдай  бүлінеді.

Олар, әсіресе, Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) өздері “тәңір” деп табынған пұттарының еш дәрменсіз екендігін айтқанын көңілдеріне қондыра алмай, оған наразылық танытып, қарсылық көрсетумен болды.

Йеменде жүрген Әбу Бәкір бұл соңғы жаңалықтан мүлдем хабарсыз еді. Меккеге оралған кезде, оны Әбу Жәһил, Ұтба ибн Муайт сияқты қаланың бетке ұстарлары ортаға алады. Олар Әбу Бәкірдің Мұхаммедке (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жақын дос екенін жақсы білетін. Әбу Бәкір болмағанда, олар Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) әрекетіне әлдеқашан тосқауыл қоймақшы еді. Әбу Бәкір оларға:

– Жайшылық па? Жаңалық бар ма? Мен жоқ кезде әлде бір нәрсе болды ма? – деді.

– Иә, маңызды жаңалық бар. Ел ішінде үлкен бүлік шықты. Әбу Тәліптің жетімегі аталарымыздың дініне тіл тигізіп, өзіне пайғамбарлық келгенін айтуда, – деп тегіс жамырасты.

–  Бұны өзі айтты ма?

– Иә,  өзі  айтуда  және  біздің  табынатын  пұттарымызға үнемі тіл тигізуде.

– Егер бұны өзі айтқан болса, онда оныкі – рас!

Әбу Бәкір бұл хабарды оның өз аузынан естігісі келіп, сол бетте Пайғамбарымыздың үйіне бет алды.

Өйткені,  жақын  досы  Мұхаммедтің  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жалған сөйлемейтінін ол жақсы білетін. Осы қасиеті үшін де оған дүйім жұрт: “Мухаммадүл-әмин”, яғни “сенімді Мұхаммед” деген жоқ па еді?!

Әбу  Бәкірдің  жүрегі  қуаныштан  аттай  тулап, Пайғамбарымыздың  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) қасынан  бірақ  табылады.  Пайғамбарымыз  оны  нұр  тұнған  көздерімен күлім қағып қарсы алады. Өйткені, Әбу Бәкірдің өзін қолдайтындығына толық сенетін.

– Уа,  Әбу  Қасым,  пайғамбарлығыңды  жария еткенің рас па? – дейді оған Әбу Бәкір келген бойда сұрақты төтесінен қойып.

–  Иә, Әбу Бәкір. Мен – саған және күллі адамзатқа Әлемдердің Раббысының жіберген елшісімін. Халықты бір Аллаһқа ғана иман етуге, пұттарға табынудан бас тартуға шақырамын.

 Әбу Бәкір бұл шақыруға еш кідірместен:

–  Мен куәлік етемін, ей, Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!), сен Алланың Елшісісің!  –  деп  алғаш  иман  еткендердің  қатарына қосылу бақытына ие болды.

Әбу Бәкірдей бір қауым елге сөзі өтімді беделді кісінің мұсылманшылықты қабылдауы, хазірет Айша (р.а.) анамыздың айтуынша, Пайғамбарымызды (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) ең қатты қуантқан оқиғалардың бірі болды.

Бұл жайлы Пайғамбарымыз бір хадисінде:

– Исламға  шақырған  кезімде,  Әбу  Бәкірден басқа да сәл тосырқау мен күмән болды. Бірақ Әбу Бәкірге Исламды түсіндіргенімде еш күдіктенбестен, кідірместен  иман  келтірді,  –  деп  оның  осы  жақсы қасиетін айтқан.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.