Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ауызашарда қос кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті

Ауызашарда қос кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті

0 14

Алматы қаласында өткен рухани ауызашар кешінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институты әзірлеп, «Muftyat» баспасынан жарық көрген «Рухани мұра» сериясының қос кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.


Кітаптардың тұсауын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин және Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұрат Жұрынов кесті.

Тұсауы кесілген кітаптардың бірі – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, Алаш Орда мүфтиі Ғұмар Қараштың «Бәдәл хаж» атты еңбегі. Бұл кітап алғаш рет 1913 жылы Қазан қаласындағы «Үміт» баспасынан жарық көрген. Еңбекте автор фиқһ ғылымындағы қажылық құлшылығының құқықтық негіздерін, соның ішінде бәдәл хаж (қажылықты өкіл арқылы орындау) мәселесін жан-жақты талдайды.

Ғұмар Қараш аталған тақырыпты ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік-мәдени өзгерістер контекстінде қарастырып, дәстүрлі ислам құқықтық қағидаларын заман талабымен ұштастыратын діни-ағартушылық көзқарастарын ұсынады. Бұл еңбек қазақ мұсылмандық ой-пікірінің даму тарихында маңызды орын алатын ұлттық діни жазба мұралардың бірі саналады.

Ал «Рухани мұра» сериясының 9-кітабы ретінде жарық көрген екінші еңбек – Жарылғап қажы Жұмабаевтың «Иман мағынасы» атты кітабы. Алғаш рет 1914 жылы Орынбор қаласында жарық көрген бұл діни-дидактикалық шығармада исламдағы ақидалық мәселелер, яғни иман негіздері қарапайым әрі түсінікті өлең жолдарымен баяндалған.



Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.