Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Маңдай термен еңбек ету де – ғибадат

0 809

Жаратылғанның Жаратқанына мінәжат етуі міндет. Алла адам баласынан басқасының барлығына мінәжатты міндеттеген.

Ал, адам баласына Пайғамбарлар арқылы кітаптар жіберіп ақылдарын қолдану арқылы Алланы табуларын ғана жүктеген. Ақыл арқылы ақ пен қараны, жаман мен жақсыны, адал мен арамды салыстыра білсін және адал жолмен еңбек етіп, күнінің жиырма төрт сағатын құлшылықпен өткізсін деген.

Ақырзаманға дейін үкімі тоқтамайтын Құран кәрімде Алла Тағала:

«Адамдар мен жындарды өзіме ғана құлшылық етулері үшін жараттым», – дейді.

Рақымды да Рахман Жаратушымызға сенген әрбір мұсылман, Құран кәрімнің әмірі бойынша ғибадат етуі парыз. Мұсылманның жиырма төрт сағаты ғибадатқа айналуы тиіс. Намаз, ораза, зекет, қажылықтың ғибадат болғанындай маңдай терін төгіп еңбек ету де ғибадат. Әрбір мұсылман өзін және отбасын асырау үшін адал еңбек етіп нан тауып, адал рызықпен қоректенуі де құлшылықтың бір бұтағы болып есептеледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде адал еңбек туралы былай деп бұйырған екен:

«Кімде-кім, басқасына мұқтаждықтан сақтанып, бала-шағасын бағып, көрші-қолаңына жақсы қарым-қатынаста болып дүниені адал жолмен тапса, Алланың құзырына барғанда жүзі толған айдан да жарық болады», – деген. Маржан сөздің мәйегі болған тағы бір хадисте: «Расында да Алла Тағала қолында кәсібі бар мұсылманды жақсы көреді», – деп барлық сахабаларын жалқаулықтан тыйған.

Қазіргі жастарға өз қалаған мамандықтарын таңдап, елімізге, жерімізге, өз отбасына адал қызмет етулеріне мүмкіндік мол. Жастардың барлығы бірдей әнші-күйші, заңгер, сот секілді мамандық емес, басқа да мамандықтарды таңдап, елдің дамуына үлесін қосу арқылы, Аллаға деген сүйіспеншілігін арттыруына мүмкіншіліктері мол. Нақтырақ айтар болсақ, егін шаруашылығы елімізде көкөніс тапшылығы болмауына, мал шаруашылығы еттің қолжетімді болуына, техника, текстиль, тағамтану, т.б. мамандықтардың өзіндік қажеттілігі бар. Осындай мамандықтарды игеру әр азаматтың Алла алдындағы, Отан алдындағы, отбасы алдындағы міндеті десек, артық кетпеген болармыз.

Ал, мамандықты таңдау мәселесінде шарасыздықтан емес, қоғамдағы қажеттілікке қарай өз қалауымен таңдау жасау да маңызды. Біле-білгенге әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі мен маңыздылығы бар. Ең керектісі, екі дүниемізді ұмытпай, бөтеннің ала жібін аттамай маңдай терімізбен адал қызмет ету ғана.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз босқа айтпаса керек. Мұсылмандықтың символы қазақ ойшылдары адалдықты, әділдікті, әдептілікті аз жырламаған. Еңбек етпей, маңдайдан тер төкпей мақсатқа жетудің мүмкіндігі жоқ. Яғни, жатыпішерлік мұсылмандыққа да, адамгершілікке де жат пиғыл екені шындық.

Әлем таныған қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлы жиырма бесінші қара сөзінде:«Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Жатып – ішуге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығына, әр түрлі бәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірленуге себеп болатын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен» деп жаныпішерліктің кесапат әкелетін апатты жол екенін ескертеді, заңғар парасаттың биігінен біліктілікке үндейді. Жұмыстан қашып, «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүру – адам баласына жат қылық, бойға біткен ең жаман әдет. «Жалқаулықтан жаман дерт жоқ» деп түйсінген қазақ халқы өз ұрпағын бұл жаман дерттен бойын аулақ ұстауға баулыған. Білімде, ғылымда, күнделікті тұрмыста ұл-қыздарына өз өсиеттері мен өнегелі әдеттерін де қоса үйрете отыратын болған.

Әлемдік дамыған елдердің ішінде мұсылман мемлекеттері саусақпен санарлық. Күнделікті қолданып жатқан тұрмыстық заттарымыздың өзі мұсылман қолымен жасалмағанын ескерсек, «Адамның істегенін адам істейді» деген өсиет ұмытыла бастаған ба деген ой туады. Қытай істегенді қазақ істей алмай ма? Қазір базарға барсаң, бір затты аларда қай елде жасалғанын сұрап, шетелдікіне жүгіреміз. Неге Қазақстанда жасалғанын сатып алып, отандық өндірістің дамуына үлес қоспасқа? Елімізде көптеген өндірістік орындар ашылды, біздің қолдағанымыз – сол өнімді сатып алу деп өзімізге міндет қоя білуіміз керек.

Адамдық қасиеттердің бірі – еңбекқорлық екенін насихаттау мақсатында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Алла Тағалаға «Жалқаулықтан сақта» деп дұға еткен екен. Әнас ибн Мәлік (р.а) жеткізген бір хадисінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Аллам! Мен Сенен уайымнан, қайғыдан, шарасыздықтан, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қабырғаны қайыстыратын көп қарыздан және дұшпанға таба болудан сақтауыңды тілеймін», – деп дұға жасайтын.

Мұсылмандық жолмен жүру, не болмаса, мұсылмандық жолға түсу – күні-түні мешіттен шықпай құлшылық қылу деген сөз емес. Мұсылманшылық әрбір мұсылманға дүние тіршілігінде басқалармен терезесі тең болуы үшін еңбек етуді міндеттейді. Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың тәлімі ерек, тағылымы бөлек хадистерінің бірінде: «Бұл дүние үшін мәңгі қалатындай, ақыретің үшін ертең өлетіндей еңбек ет», – деп бұйыруы, еңбектің маңыздылығын білдіріп тұрғандай.

Алла Тағаланың елшілерінің барлығының өзіне міндеттелген дүниелік кәсібі болған. Нұх (ғ.с.) пайғамбар балташы болған. Юсуф (ғ.с.) егінші, Мұса (ғ.с.) қойшы, Дәуіт (ғ.с.) темірші болды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) қойшы, саудагер болған.

Елімізде көптеген жастар қолында дипломы болғанымен «жұмыс жоқ» деген сылтаумен бос жүр. «Екі қолға бір күрек» деген әр азамат жұмыстың бір көзін табары шындық. Мұсылман сегіз қырлы, бір сырлы болуы қажет. Нағыз азамат өзінің біліміне, білігіне, білегіне сүйенеді. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген Абай атамыз әр адам баласы еңбекқор болуға міндетті екенін ескерткен.

Мұсылманмын деген әр пенде дүниелік тіршілігіне де, діни құлшылығына да бірдей қарайды. Сондықтан Егемендік сыйлаған Аллаға шүкіршілігімізді ұмытпай, осы еңселі елімізге еңбек етіп, Алланың разылығына бөлене беруді баршамызға нәсіп етсін. Әмин!

Алпысбаев Рашид Абдуалиұлы
«Ырыскелді қажы» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.