Исламдағы зайырылық ұғымы туралы сөз қозғағанда қасиетті Құрандағы мына бір аят еске оралады:
لَا إِكْرَاهَ فِي الدِّينِ
«Дінде зорлау жоқ»[1].
Сонымен қатар, адамзат қоғамындағы мәдени культтар мен танымның әркелкілігі туралы тағы бір аятта былай деп баяндалады:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَىٰ وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا
«Уа, адамзат! Біз сендерді ер мен әйелден (Адам Ата мен Хауа Анадан) жараттық. Өзара қарым-қатынас жасап, араласып өмір сүрулерің үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп қойдық», – деп әрбір ұлттың өз алдына дүниетанымдық айырмашылық болатынын меңзейді.
Тағы бір аятта:
لَّا يَنْهَاكُمُ اللَّهُ عَنِ الَّذِينَ لَمْ يُقَاتِلُوكُمْ فِي الدِّينِ وَلَمْ يُخْرِجُوكُم مِّن دِيَارِكُمْ أَن تَبَرُّوهُمْ وَتُقْسِطُوا إِلَيْهِمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ
«Алла Тағала дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла Тағала турашылдарды жақсы көреді» деген.
Мұнда да, басқа дін өкілдеріне деген құрмет, әділдікпен қоса оларға жақсылық қылуға, турашыл болуға үндейді. Сондықтан да, Ислам тархиына үңілсек, мұсылманшылықты қабылдамаған өзге дін өкілдері тек қана салық төлеумен шектеліп, ешқандай кемсітуге ұшырамаған. Және шариғи негізде ондай бейәдеп қылықтарға жол берілмеген. Олардың діни сенімі мен өмірлік ұстанымына, нәсіліне, ұлтына қарамастан құқытық мәртебесі болды. Олар да қамқорлықтан қағыс қалмады.
Ал, діни наным сенімнің алуан түрлілігіне құрметпен қарау туралы да дінімізде негіздемелер, үлгі-өнегелер көп-ақ. Айталық, қасиетті Құран Кәрімнің көптеген аяттарында иудейлер мен христиан дінін ұстанушыларды «Кітап иелері» деп атайды.
Исламда кісі өлтірудің ауыр күнә екенін баршамыз білеміз. Ол туралы аятта былай баяналдалады:
مِنْ أَجْلِ ذٰلِكَ كَتَبْنَا عَلَىٰ بَنِى إِسْرٰءيلَ أَنَّهُ مَن قَتَلَ نَفْساً بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِى ٱلأرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ ٱلنَّاسَ جَمِيعاً وَمَنْ أَحْيَـٰهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعاً
«Соның салдарынан Израил ұрпақтарына: Кім жазықсыз жанды немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп үкім еттік»[2].
Міне, осы күнәні жасамауға бұйырған аяттың өзінде адамдарды діни нанымсеніміне қарамастан кез-келген адам баласын қамтып баяндайды. Демек, діні, наным-сенімі, ұлты, ұстанымына қарай кім болуына қарамастан жазықсыз өлтіруге қатаң тыйым салады. Бұл жерде діни бөлінушілікті тілге тиек етпей біртұтас адам баласын қамтып айтуының өзінде басқа дін өкілдерінің де қара басының қадірлі, адамдық хақысының жоғары, құдды мұсылмандар сияқты құрметті екенін аңғартады. Осы негіздерді басшылыққа алған момын-мұсылмандар басқа дін өкілдерімен орынықты қарым-қатынас әдебі қалыптасқан.
Ардақты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) «Мәдина конституциясының» өзі бірнеше дін өкілдері бейбіт өмір сүретін зайырлылыққа негізделген шешімдердінің бірі. Алғашқы дінаралық диалогқа негіз болған бұл құжаттың тарихи рөлі айырықша болды. Бірқанша дінді ұстанатын қоғам мүшелері өзара құқытық мәміле ортанып, Мәдина шаһарының қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін бірлесе реттеуде ортақ міндеттер атқарып отырды[3].
«Зайырлы» сөзінің мағынасы «ашық, айқын, сыртқы» деген мәндерді білдіреді. Ал, мемлекет пен дін қатынасын іреттейтін «зайырлылық» ұғымына қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деген болатын «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез-келген экстримизм түрін үзілді кесілді мойындамаймыз» деп атап көрсетті. Ал, атеизм болса, дінсіздік, көне грекше: «ἄθεος» – «құдайға сенбеушілік»[4]. Былайша айтқанда, дінге, құдайға сенбейтін адамды меңзейді.
Ендеше, зайырлылық пен атеизм мүлде басқа ұғымдар. Зайырлылық мемлекет пен діннің қатынасына қатысты термин болса, атеизм азаматтардың діни сеніміне байланысты атау. Зайырлылық болса, атеизм сияқты дінді жоққа шығару емес, діни догманы мемлекттік басқарудан алыстата отырып, толерантты, озық, ашық қоғам құру. Сондықтан зайырлылықты атеизм деп түсінбеу керек.
Серікбол Хаман
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы
[1] «Бақара» сүресі, 256-аят.
[2] «Маида» сүресі, 32-аят
[3] https://nmu.kz/kk/article/zajyrlylyk-kogamdyk-kundylyk/
[4] ἄθεος Henry George Liddell. Robert Scott. A Greek-English Lexicon. revised and augmented throughout by. Sir Henry Stuart Jones. with the assistance of. Roderick McKenzie. Oxford. Clarendon Press. 1940.