Он сегіз мың ғаламның Сардары – дүниеге адамзат пен жын қауымына Алланы таныту үшін әрі жа- ратылыс атаулыға рақымдылық жаршысы. Құран аяты бұл сырды паш етіп: «Біз сені әлемге рақым етіп қана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107) дейді.Мұхаммедтің (с.а.с.) жарық дүниеге жіберілуі – Жаббар Иенің болмыс атаулыға жасаған үлкен қайырымы, рақымы. «Рақым» сөзі есіркеуге мұқтаж жандарға мейірім мен жақсылық жасау дегенді білдіреді. Негізінен аяушылық бірінші кезекте кісі тәрбиесімен айналысатындарға керек қасиет. Жүрек – иманның бастауы. Тас жүрек адам нағыз тәрбиешілікке лайық емес. Ал мейірбан жүрек бейбіт өмірдің ұйытқысы. Ендеше, көңілдің төрінен орын алып, әркімнің аңсарына айналғанына қарағанда, таудан құлап аққан кәусар бұлақтай мейірім мен рақым сезімі ең алдымен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бойында менмұндалап жатса керек.
Бұл рақымдылық ақиретті де, дүниені де қамтиды. Мүшріктер Қағба ішін пұт атаулыға толтыру арқылы көңіл жұбатып, жабайы һәм надан әрекеттеріне желеу іздеп, адам баласы ар-ожданнан айырыла бастаған кезде, сүйікті Пайғамбарымыз дүниеге келген еді. Рақымның жер бетіне орнауымен тағылық пен соқыр сенімге тосқауыл қойылды, бейбақтардың көңіліне жан тыныштығы қонып, сіңірі шыққан кедейлер қанды сүліктей сорған қаныпезерлердің қақпанынан құтылып, жаугершілік жайбарақат тіршілікке айналып, дертке дауа, жанға шипа болған парасат майданының арқасында аяққа тапталған адамгершіліктің аспаны шұғылаға қайта бөленді.
Расулалланың рақымы мұсылман мен мұнафықты, кәпірді, дос пен дұшпанды, үлкен мен кішіні, тіпті жануарларды да түгел қамтиды. Мүминге һидаят, кәпірге иләһи азаптың кешіктірілуі, мұнафықтар өмірі үшін тыныштық әкелген бұл рақымның аясында Аллаға қарсы шыққаны үшін бірден жойылып кету азабы тоқтады. Құранда «Сен араларында болғанда, оларға азап келмейді. Кешірім сұраса, Аллаһ оларды азаптамайды» («Әнғам» сүресі, 33) деген және Алла расулының: «Мен лағынетші емес, рақым ретінде жіберілдім» (Мүслим, Бирр, 87) деп барша адам баласына мейіріммен, кешіріммен қараған.
Алла расулының (с.а.с.) рақымдылығының кеңдігінен Жәбірейілдің (а.с.) де тыс қалмағаны риуаят етіледі. Бір күні Жәбірейілден (а.с.): «Саған бұл рақымның шапағаты тиді ме?» – деп сұрайды. Сонда Жәбірейіл: «Бұл Құран, шынында, ардақты елші Жәбірейіл арқылы аян етілген Алланың сөзі. Ол орасан күшке ие, Арш иесі алдында мәртебелі. Періштелер оған бағынады. Әрі сенімге ие» («Тәкуир» сүресі, 19-20.) деген аят түскеннен кейін ғана жаным жай тапты. Алдында ақиретімнен қорқушы едім», – деген екен.
Алла Тағала Расулаллаға (с.а.с.) мейірімді болуды міндеттеді. Үмбетіне махаббаты соншалық – жиі- жиі көз жасын көлдетіп дұға еткен. Бір күні Құраннан Ибраһим (а.с.) пайғамбардың «Я, Раббым, пұттар елдің көбін адастырды. Бұдан кейін кім маған ерсе, ол менің дінімде. Қарсы келгендердің жағдайы Сенің мейіріміңе қалады. Сен кешірімдісің, рақымдысың» («Ибраһим» сүресі, 36) және Иса (а.с.) туралы «Егер жазаласаң, күмәнсіз олар Сенің құлдарың. Кешірсең, Ұлы құдірет иесі де, үкім беруші де, хикмет иесі де Өзіңсің» («Мәида» сүресі, 118) деген дұғаларын оқып қолын жайып, «Я, Раббым! Я, Раббым!» деп көп жылаған. Сонда Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.а.с.) Жәбірейіл періштені (а.с.) жіберіп неге жылағанын сұрайды (Әрине, бәрін білуші Алим не үшін жылағанын біледі). Соңында Ұлы Рахман Жәбірейілге былай дейді: «Мұхаммедке айт, Біз оны үмбеті жайында разы қыламыз, мұңайтпаймыз» (Мүслим, Иман 346) деген. Сондай-ақ «Раббың саған береді және сен разы боласың» («Духа» сүресі, 5) делінген қасиетті аяттар да бар.
Хазірет Пайғамбар (с.а.с.) иман етпегендерге ақиреттегі қиын жағдайды ескертіп, жұртты һидаятқа шақырудан жалықпады. Көпшілігінің иман етпегенін көргенде іштей қатты қынжылып, қайғыдан айыға алмай қалатын. Оның таңғы шықтай мөлдір жанын осы кірбіңнен арылту үшін Алла Тағала қасиетті аяттар түсірді: «Олар Құранға сенбесе, жаныңды қоярға жер таппайсың» («Кәһф» сүресі, 6), «Олар Құранға сенбеді деп, жаныңды жегідей жейсің» («Шұғара» сүресі, 3).
Һидаят пен адасудың Алланың қолында екенін айтты: «Жасаған жамандығы өзіне жақсы көрінген адам ізгілік істеген, тура жолды ұстанған адаммен бірдей бола ма? Алла қалағанын адастырады, қалағанын хақ жолға салады. Олар иман етпеді деп таусыла берме. Алла олардың барлық ісінен хабардар» («Фатыр» сүресі, 8).
Расулалла (с.а.с.) өте сезімтал кісі болатын. Кісінің жан қиналысын көргенде байыз тауып отыра алмайтын. Кедей-кембағал жандарға мейірім- шапағатын төгетін. Кешірілмес ағаттықты кешіретін биязы мінезі оның ерекше рух иесі екенін айқындап тұратын. Көркем мінездің озық үлгісін танытқан Алла елшісіне (с.а.с.) үмбет болу біз үшін шексіз бақыт, шүкір қылатын ұлы нәсіп. Үлгі-өнегесін өмірімізге темірқазық ету – жаннатқа апарар соқпаққа түсу.
Намазды созып, жұртты шаршатқан адамға ескерту жасаған. Намаз үстінде жылаған баланың даусын естігенде, сапта тұрған анасы қиналмасын деп намазды тезірек бітіретін. Балаларды еркелетіп жақсы көруді өсиет етті. Күнәһар әйелдің итке су бергені үшін жұмаққа барғанын айтып, көп ғибадат еткенімен, мысықты аштан-аш қамап қойғаны үшін тозаққа түскен әйелдің оқиғасын баяндап, өмірдің тылсымынан сыр шертетін.
Мейірім сұлтанының мына сөздері де мейірімнің жаңа қырын байқатса керек: «Алла мейірімді құлдарына ғана мейірім танытады» (Бұхари, 32), «Сендер жердегілерге мейірім көрсетсеңдер, көктегілер де сендерге мейірімді болады» (Тирмизи, Бирр 16.) деп баршаның зәредей жан қиналысын қаламаған.
материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,
sunna.kz